Қазақстанда салықтық тіркеудің жаңа қағидалары ұсынылды
АСТАНА.KAZINFORM – Қаржы министрінің «Салық төлеушілерді салықтық тіркеуге қатысты кейбір мәселелер туралы» бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Құжат салық төлеушілерді есепке қою, тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін айқындайтын салықтық тіркеу қағидаларын бекітуді көздейді.
Сонымен қатар жобада келесі мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидалары да бекітілген: «Салық төлеушілерді тіркеу», «Жеке кәсіпкерді және жеке практикамен айналысатын тұлғаны тіркеу есебі», «Қосылған құн салығын төлеушілердің тіркеу есебі».
Аталған жобаның мақсаты – салықтық тіркеу рәсімдерін оңтайландыру, тіркеу деректерінің дәлдігі мен өзектілігін арттыру, сондай-ақ салық төлеушілер мен мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту.
Осылайша, жаңа қағидаларды енгізу мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және көрсету мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді деп жоспарланған.
Құжат осы жылдың 11 қыркүйегіне дейін көпшілік талқылауға шығарылған.
Еске салайық, 2026 жылдан бастап салық саласында қандай өзгерістер болатынын хабарлағанбыз.