Қазақстанда салық төлеушіні онлайн тіркеу жүйесі іске қосылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда салық төлеушіні онлайн тіркеу жүйесі іске қосылды. Бұл туралы бүгін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Даму және жаңғырту департаментінің директоры Ержан Біржанов мәлім етті.

«2015 жылы салық төлеушілерді, жеке кәсіпкерлерді тіркеу үдерісі жеңілдетілген болатын. Енді ол қызмет онлайн режімде де қолжетімді», - деп атап өтті Е. Біржанов.

Оның айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушіге кеңес беретін онлайн көмекшіні жасақтады.
«Салық төлеуші тіркеуге тұрғаннан кейін, сайтқа кіріп, өзіне қажетті мәліметтерді ала алады. Қандай форманы тапсыру керек, мерзімдер, есеп тапсыру уақыты сынды ақпараттар ұсынылған», - деп атап өтті департамент басшысы.

Оның сөзі бойынша, бұндай шара фискалды органдардың жазалаушы шараларын азайту мақсатында жүзеге асырылып отыр.
«Себебі, салық төлеушілер есеп тапсыру кезінде көп қателік жібереді. Сонымен қатар, салық төлеуші орталықтарда қызмет алғысы келсе, онда арнайы модераторлар бар. Модератор қандай қызметті алу керектігін, қандай өтінішті толтыру қажеттігін айтып отырады. Сондай-ақ, салық және кеден мәселелері бойынша Call-орталық жұмыс жасайды. Call-орталықтың бірыңғай нөмірі - 1414», - деп түйді ойын Е.Біржанов.

Соңғы жаңалықтар