Қазақстанда саперлар қалай даярланады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Қарулы Күштерінде бітімгерлердің рөлі әскери міндетпен шектелмейді. Олар ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық деңгейде бейбітшілікті сақтауға атсалысып келеді. Kazinform агенттігінің тілшісі мереке қарсаңында осы бағыттағы миссияларды кеңінен баяндады.

сапер
Коллаж: Kazinform / Nano Banana

Инженерлік әскер — қауіпсіздіктің негізі

Еліміздегі ең жауапты әрі қауіпті салалардың бірі — инженерлік әскерлер қызметі. 1992 жылы құрылған құрылым әскердің қозғалысын қамтамасыз ету, қорғаныс шептерін нығайту және жауынгерлік іс-қимылдардың тиімділігін арттыру бағытында стратегиялық маңызды міндеттерді атқарып келеді.

Оның ауқымын кеңейтіп, нақты мазмұнын айқындайтын негізгі күш — инженерлік әскерлердің құрамындағы мамандар.

сапер
Фото: gov.kz

— Құрамда саперлар, инженер-барлаушылар, механик-жүргізушілер, понтоншылар, кинологтар және өзге де мамандар қызмет етеді. Барлығы ортақ мақсатқа жұмылған. Ол — әскери бағыттарды әзірлеу, фортификациялық құрылыс салу, миналық-жарылғыш бөгеттерді орнату және залалсыздандыру, өткелдер ұйымдастыру, сондай-ақ әскерді сумен қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы негізгі даярлық орталығы Алматы облысы Қонаев қаласындағы № 58012 әскери бөлімінде орналасқан. Дәл осы жерде кәсіби дайындық қалыптасады, — делінген Қорғаныс министрлігінің жауабында.

Уақыт өте келе  жүйенің ішкі құрылымы да, мүмкіндігі де айтарлықтай күшейді. Отыз жылдан астам кезеңде инженерлік әскерлердің басқару жүйесі жаңарып, құрылымы жетілдіріліп, техникалық жарақтандырылуы заманауи талаптарға сай жаңғыртылды. Соның нәтижесінде олардың атқаратын міндеті де кеңейе түскен.

сапер
Фото: Қорғаныс министрлігі

Тасқынмен күресте алдыңғы шепте

Әскери инженерлердің атқарған жұмыстарының ауқымы 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде айқын көрінді. Табиғи апат жағдайында олар қысқа уақыт ішінде бірнеше стратегиялық міндетті қатар орындап, елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылды.

Алғашқы кезекте инженерлік бөлімшелердің жедел әрекеті арқылы көлік қатынасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Понтонды-мостық парк жиынтығының көмегімен Ақтөбе облысындағы Ойыл өзенінде, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарындағы Есіл өзенінде паромдық өткелдер жедел түрде орнатылды.

инженерлік қызмет
Фото: Шымкент қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі

Инфрақұрылымдық шешімдердің нәтижесінде су тасқыны салдарын жою жұмыстары жедел қарқын алды. Инженерлердің арқасында су басқан аймақтардан үш мыңнан астам адам эвакуацияланып, бір жарым мың ауыл шаруашылығы техникасы қауіпсіз жерге жеткізілді. Сонымен қатар зардап шеккен өңірлерге 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізу қамтамасыз етілді.

Жағдайдың күрделілігі әр өңірде әртүрлі шешімдерді талап етті. Атап айтқанда, Атырау облысында елді мекендерді тасқын судан қорғау мақсатында жару жұмыстары жүргізілсе, Шығыс Қазақстан облысында бұзылған жол учаскесіне ауыр механикаландырылған көпір орнатылып, көлік қатынасы қайта жанданды. Ал Ақмола облысында зардап шеккен ауылдарды электр техникалық қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылды.

Саперлар сабағы қалай өтеді?

Мұндай күрделі операцияларды тек жоғары дайындықтан өткен әскери инженерлер орындай алады.

сапер
Фото: Қорғаныс министрлігі

— Саперларды оқыту жарылғыш заттарды анықтау мен залалсыздандыруды, мина қою және еңсеру тәсілдерін, сондай-ақ түрлі инженерлік тапсырмаларды қауіпсіз орындау машықтарын қамтиды. Білім беру процесі кезең-кезеңімен жүретін жүйелі оқытуға негізделген, — делінген жауапты ведомствоның ақпаратында.

Мамандардың айтуынша, оқыту үдерісі нақты құрылымға бағынады. Алдымен теориялық базаға мән беріледі, кейін практикалық жаттығу жүргізіледі, ал қалыптасқан дағдылар тұрақты түрде тексеріліп отырады.

сапер
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұл жүйеде басты назар қауіпсіздікке аударылады. Саладағы негізгі талап — тәртіпке бағыну және әр әрекетті дәл орындау. Себебі сапер мамандығында кез келген қателік ауыр салдарға әкелуі мүмкін.

Робот саперді алмастыра ала ма?

Жауапты әрі қауіпті қызметтің алдыңғы шебінде жүрген мамандардың бірі — лейтенант Бауыржан Макиев. Ол — Арыс қаласындағы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Минасыздандыру орталығы инженерлік-саперлік ротасының командирі. Әскери жолы 2010 жылы Қонаев қаласындағы инженерлік-саперлік бригадада мерзімді әскери қызметтен басталып, уақыт өте келе кәсіби маман ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда ол Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарын жою жұмыстарына қатысып, жергілікті аумақты жарылу қаупі бар заттардан тазарту міндетін атқарып жүр.

Осы күрделі қызметтің ішкі мазмұнын маманның өзі де ерекше атап өтеді. 

сапер
Фото: Бауыржан Макиновтың жеке мұрағатынан

— Алғаш жарылғыш затпен жұмыс істеу сәті әр маманның есінде қалады. Сол кезде барлық назар тек тапсырмаға бағытталады. Уақыт өте келе бұл сезім жүйелілікке және командаға толық сенімге айналады, — дейді Бауыржан Макиев.

Оның сөзінше, салада эмоциядан гөрі кәсіби сақтық маңызды.

— Бұл — үрей емес, кәсіби жауапкершілік. Әр операция алдын ала жоспарланады, қауіп толық талданады. Негізгі мақсат — қауіпсіздікті қамтамасыз ету, — дейді ол.

Бүгінде сапер қызметіне заманауи технологиялар  енгізілген. Дрондар қауіпті аумақты алдын ала барлауға мүмкіндік берсе, роботтандырылған жүйелер адамды тікелей қауіптен алыстатып, кейбір жұмыстарды қашықтан орындауға жол ашады.

— Дегенмен барлық жағдайда соңғы шешім маманға тиесілі болып қала береді. Тәжірибеде ең қауіпті жағдайлар адами фактормен байланысты. Ең қауіпті қателік — күмәнді затқа жақындау немесе оны қозғауға тырысу. Мұндай жағдайда ең дұрыс әрекет — қауіпсіз қашықтықта болып, мамандарды шақыру, — дейді спикер.

Қауіпті мамандықтың тағы бір қыры — отбасының қолдауы.

— Басында отбасыма оңай болған жоқ, уайым мен алаңдаушылық көп болды. Уақыт өте олар жұмыстың ерекшелігін түсіне бастады. Сондықтан   қолдауға тырысады. Қазір жұбайыммен төрт ұл тәрбиелеп отырмыз. Олар да — болашақ Отан қорғаушылары, әскери әулеттің жолын жалғастыруы мүмкін, — дейді ол.

Сапер жұмысының қауіпсіздігі мен тиімділігі тікелей техникалық жабдықталуға да байланысты. Айта кету керек, қазақстандық саперлердің қару-жарағында Германияда жасалған заманауи мина іздегіш құрылғылар бар. Олар жарылғыш заттарды 4 метр тереңдікке дейін анықтай алады, соның ішінде танкіге қарсы миналарды 50 сантиметр, ал жаяу әскерге қарсы миналарды 15 сантиметр тереңдіктен табуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жеке қорғаныс жүйесі де жоғары деңгейде. Саперлар «Доспех» деп аталатын жарылысқа қарсы қорғаныс костюмін киеді. Ол жарылыстан, соққы толқынынан, жарықшақтардан және ашық жалыннан қорғайды. Салқындату жүйесінің арқасында мұндай костюмде +500 градус температурада 30 минутқа дейін жұмыс істеуге болады. Тағы бір осындай қорғаныс киімі «Сақтау» деп аталады.

Голан жотасынан Африкаға дейін

Еліміздің халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі орны тек ұлттық қорғаныс шеңберімен шектелмей, бітімгерлік миссиялар арқылы да айқын көрініс тауып отыр.

Қазақстан — Орталық Азияда халықаралық бітімгерлік бағдарламаларға қатысатын бірден-бір ел. Бұл тәжірибе 2014 жылдан бері тұрақты түрде дамып келеді. Сол уақыттан бастап әскери мамандар БҰҰ миссияларына белсенді қатысып, халықаралық бейбітшілікті қолдауға  үлесін қосып келеді.

2014 жылдан бері 67 қазақстандық Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы және Ливандағы БҰҰ миссияларында әскери байқаушы және штаб офицері ретінде қызмет атқарды. Кейін бұл бағыт одан әрі кеңейді. 2018 жылдан бастап Ливандағы БҰҰ-ның Уақытша күштері миссиясы құрамында 538 қазақстандық әскери қызметші бітімгерлік бөлімшеде міндет атқарды.

Жинақталған тәжірибе 2024 жылы жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстан алғаш рет Голан жоталарына дербес бітімгерлік миссияға 139 әскери қызметшіні жіберді. Жеке құраммен бірге Қорғаныс министрлігі Сирияға 15 брондалған доңғалақты техника, жүк таситын КамАЗ көліктері, жол талғамайтын автокөліктер, атыс қаруы және әскери жабдықтарды жеткізді. Айта кетерлігі, мұндай ауқымды контингент пен техниканы алыс қашықтыққа жеткізу елдің әскери тәжірибесінде алғаш рет жүзеге асты.

Қазақстандық саперлер Голан жотасында 1200-ден аса жарылғыш затты жойды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Сириядағы қызмет барысында қазақстандық контингент 557 тапсырманы орындады. Сонымен қатар 15 операция жүргізіліп, жарылыс қаупі бар 240-тан астам нысан залалсыздандырылды. Бұл міндеттерді арнайы дайындықтан өткен «Бітімгер» орталығының саперлары жүзеге асырған.

Осы бағыттағы жұмыстың маңызын Мемлекет басшысы да атап өтті.

— Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан — осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет, — деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық бітімгерлік күштер құрамында табысты қызмет атқарған офицерлер мен сарбаздармен кездесуде.

бітімгер
Фото: Ақорда

Бүгінде бұл бағыттағы қызмет одан әрі кеңейіп келеді. Қазіргі таңда 158 қазақстандық әскери қызметші Африка мен Таяу Шығыстағы бітімгерлік күштер құрамында қызмет атқаруда. Алдағы уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы жаңа миссияларға қатысу жоспарланып отыр. Осылайша, Қазақстан халықаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту ісіне жүйелі үлес қосып келеді.