Қазақстанда серб капиталы құйылған 40-тан астам компания жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан-Сербия арасындағы экономикалық байланыс пен сауда айналымы жылдан-жылға артып келеді. Бұл жөнінде «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі — Басқарма төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Шоқанов мәлімдеді.

капитал
Фото: Өзбекстанның ұлттық статистика комитеті

Ол қос мемлекеттің экономика, транспортация, ауыл шаруашылығы, логистика, фармацевтика, IT, құрылыс салаларындағы ортақ бастамалары одан әрі тереңдеп, дами түсетініне сенім білдірді. Әсіресе, Сербияның тамақ өнеркәсібіндегі тәжірибесін зерттеуге Қазақстанның қызығушылығы зор екенін атап өтті.

— Сербияда ауыл шаруашылығына қажетті заманауи техникалар бар. Біз Сербия тәжірибесін жетік меңгеріп жатырмыз. Қазақстандық компания «Будан» ЖШС мен Сербияның «Земун Поле» ғылыми-зерттеу институты 30 жылдан астам уақыттан бері бірлесіп атқарып келе жатқан жоба бар. Олар жүгерінің гибридті тұқымын өндіреді, — деді Н. Шоқанов.

Сонымен бірге, Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктеріне тоқталды.

— Электронды Үкіметтің дамуы бойынша Қазақстан БҰҰ-ның 2024 жылғы есебінде 24-ші орында тұр. Серб сарапшыларының пікірінше, Қазақстанның цифрландыруды дамытуға арналған заңнамасы құнды және оны тәжірибе алмасуда қолдануға болады. Бұл бағытта тәжірибе алмасуға екіжақты қызығушылық зор. Оған бүгінгі жиынға алдыңғы қатарлы IT компаниялар өкілдерінің жиналғаны айғақ, — деді ол.

Бұдан бөлек Н. Шоқанов Қазақстан Орта Азиядағы инвестиция құюға ең қолайлы мемлекеттердің бірі екенін айтты. Оның сөзінше, бұған еліміздің бай табиғи ресурстары, географиялық тиімді орналасуы және инвесторларға қолайлы жағдай жасауы себеп. Сондай-ақ «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық және шетелдік кәсіпкерлердің заңды мүддесін қорғайды.

Айта кетейік, бұған дейін биыл Қазақстан-Сербия дипломатиялық қатынасына 30 жыл толатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар
Референдум