Қазақстанда шағын модульдік реакторлары бар АЭС салу мүмкіндігі зерттеледі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда атом саласын дамыту стратегиясы аясында шағын модульдік реакторлар (ШМР) негізіндегі атом электр станцияларын пайдалану мүмкіндігі қарастырылады.

в
Фото: Kazinform

Жоспарға сәйкес, ШМР технологияларын ұлттық жағдайларда қолдануға техникалық-экономикалық талдау жүргізіледі. Бұл ретте өңірлік ерекшеліктер, сенімділік талаптары және жобалардың экономикалық тиімділігі ескерілмек.

– Стратегияны іске асыру аясында шағын модульдік реакторлардың ұлттық жағдайларда қолданылу мүмкіндігіне техникалық-экономикалық талдау жүргізу жоспарлануда. Бұл ретте өңірлік ерекшеліктер, сенімділік талаптары және жобаның экономикалық тиімділігі ескерілетін болады, – делінген құжатта.

Сонымен қатар Қазақстан ШМР әзірлеу және жобалау бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуды көздеп отыр.

– Шағын модульдік реакторларды әзірлеу және жобалау бойынша ғылыми-зерттеу қызметіне қатысу, сондай-ақ оларды орналастырудың басым аудандарын айқындау жоспарлануда. Атап айтқанда, энергия тапшылығы бар өңірлер, электр желілік инфрақұрылымы әлсіз дамыған аймақтар және ескірген жылу электр станцияларын алмастыру мүмкіндігі қарастырылады, – деп атап өтілген.

Мамандардың пікірінше, бұл бағыт энергетикалық жүйені әртараптандыруға және өңірлердегі энергия тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Президент атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын бекітті.