Қазақстанда шетелдік радиоактивті қалдықтарды көмуге тыйым салынады – Еділ Жаңбыршин
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінде «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттар таныстырылды.
«Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы – еліміздің радиациялық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі әрі стратегиялық маңызды құжат. Бұл құжатты депутаттар екі жылдан астам уақыт бұрын әзірлеген және ол Үкіметпен келісіліп, барлық қажетті сараптамалар алынған.
- Бұл құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ядролық-отын циклі мен радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласында Өңірлік құзыреттер кеңесін құру жөніндегі жуырдағы бастамасы аясында өзекті сипатқа ие. Бүгінде Қазақстан аумағында иондаушы сәулелену көздері атом энергетикасында, ғылымда, медицинада, мұнай-газ және тау-кен өндіру салаларында кеңінен қолданылады. Соның нәтижесінде радиоактивті қалдықтардың әртүрлі түрлері түзіледі. Бұдан бөлек, елімізде «тарихи» деп аталатын радиоактивті қалдықтар мәселесі әлі толық шешімін тапқан жоқ. Қолданыстағы заңнама бұл саланы толық қамтымайды, ал қолданыстағы нормалар бытыраңқы сипатта. Сондықтан заң жобасының негізгі мақсаты – радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің бірыңғай құқықтық жүйесін құру, халықты және қоршаған ортаны радиациялық әсерден қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ қалдықтарды қауіпсіз сақтау мен көму тәртібін белгілеу, - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.
Заң жобасы 7 тараудан және 35 баптан тұрады және келесі негізгі бағыттарды қамтиды:
- I тарауда жалпы ережелер ескерілген. Мұнда негізгі ұғымдар, объектілер мен субъектілер айқындалады. Радиоактивті қалдықтардың түрлері, олардың көздері, сондай-ақ көму және сақтау пункттерінің мәртебесі белгіленеді.
- II тарауда мемлекеттік реттеу қарастырылған. Уәкілетті органдардың реттеу қағидаттары мен өкілеттіктері айқындалады. Үкімет көму пункттерін салу және жабу туралы шешімдер қабылдайды. Уәкілетті орган лицензиялауды және мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Радиоактивті қалдықтарды есепке алу мен бақылаудың мемлекеттік жүйесі енгізіледі.
- III тарауда қызметті жүзеге асыру шарттары қамтылған. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің жалпы шарттары белгіленеді, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі ұлттық оператор институты енгізіледі және қаржыландыру мен техникалық инфрақұрылым көздері айқындалады.
- Халықаралық тәжірибе ұлттық оператордың болуы радиоактивті қалдықтармен (РАҚ) жұмыс істеудің қауіпсіз, ашық және экономикалық тұрғыдан тиімді тізбегін қамтамасыз ететінін растайды, сондай-ақ функциялардың бытыраңқылығын болдырмайды, бірыңғай қауіпсіздік стандартын қамтамасыз етеді, РАҚ-пен жұмыс істеу жөніндегі «жүктемені» болашақ ұрпаққа аударудың алдын алады, - деді депутат.
Австралияда мұндай оператор – ANSTO, Канадада – NWMO, Қытайда – CNNC, Чехияда – CEZ Group, Францияда – ұлттық агенттік ANDRA, Финляндияда – Fortum/TVO (Posiva) бірлескен компаниясы, Жапонияда – NUMO.
Ұлттық оператордың негізгі функциялары мыналарды көздейді:
барлық қалдық түзуші кәсіпорындардан РАҚ-ты жинауды, тасымалдауды және қайта өңдеуді ұйымдастыру;
РАҚ-ты көму пункттерін жобалау, салу, пайдалану және қызмет көрсету;
Олардың қауіпсіз орналастырылуы үшін қайта өңдеуді және кондиционерлеуді жүргізу;
РАҚ тізілімін жүргізу және олардың барлық түрлері бойынша есептілікті дайындау;
РАҚ-пен жұмыс істеу жөніндегі мемлекеттік және халықаралық бағдарламаларға қатысу;
көмілген объектілерді ұзақ мерзімді мониторингтеу және бақылауды қамтамасыз ету.
Осылайша, ұлттық оператор елдің ядролық және радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орталық буыны болады, радиоактивті қалдықтардың басқару және түпкілікті көму бойынша толық әрі кешенді жауапкершілікті өз мойнына алады.
- IV тарау радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуге бағытталған. Радиоактивті қалдықтарды жинау, қайта өңдеу, кондиционерлеу, көму процестері, сондай-ақ көму пункттерін жобалау, салу, пайдалану және жабу егжей-тегжейлі реттеледі. Маңызды нормалардың бірі – Қазақстан Республикасының аумағына шетелдік (сырттан әкелінген) радиоактивті қалдықтарды әкелуге, орналастыруға және көмуге тыйым салу. Бұл норма Қазақстанның экологиялық егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін қорғауға бағытталған, - деді Е. Жаңбыршин.
Бұдан бұрын хабарланғандай, жақында Мәжіліс радиоактивті материалдарды заңсыз тасымалдауға жол бермейтін құжатты қабылдады.