Елімізде шетелдік жұмыс күшін тарту ережелері жаңартылады
АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін жаңартуға арналған бұйрық жобасын әзірледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Жоба ҚР Премьер-министрінің 2025 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кодексін (Салық кодексі) іске асыру шаралары туралы» өкімінің негізінде дайындалған.
— Бұйрық жобасын қабылдаудың мақсаты — Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіне сәйкес нормативтік ережелерді сәйкестендіру, — делінген құжатта.
Сонымен қатар, бұйрық жобасының мақсаты — әкімшілік деректерді әкімшілік көздерден өтеусіз негізде ұсыну қағидаларына сәйкестендіру. Аталған қағидалар Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының міндетін атқарушының 2010 жылғы 14 шілдедегі №183 бұйрығымен бекітілген.
Құжат 2025 жылғы 13 тамызға дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Бұдан бұрын Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға 16,5 мың квота бөлінгені анықталды.