Қазақстанда Сириядан қайтарылған адамдарға қатысты фильм түсірілуі мүмкін
«Жаңа жылдың алғашқы аптасы ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Сириядан біздің елден алдау жолдарымен шығарылған және террористерде тұтқында болған 11 әйел, 30 бала барлығы 47 адамның өз Отанына қайтарылуы бойынша «Жусан» гуманитарлық операциясының сәтті атқарылғаны туралы ерекше әрі жүрекке жылы тиетін Мәлімдемесімен есте қалды. Президент мұндай қайырымдылық әрі гуманизм актісіне бастамашы болу арқылы Қазақстан азаматтарының қай жерде болса да олардың тағдырына деген қамқорлығы мен алаңдатушылығын көрсетті. Операция қалай дайындалғандығы және қандай қиындықтар мен қауіп-қатерлерді өткергендігі туралы мағлұмат тек Президент пен нақты орындаушыларға ғана мәлім, мұның өзі құрметке лайық», - деп тоқталды Қуаныш Сұлтанов.
Осы орайда ол ең бастысы - адамдар, біздің отандастарымыз құтқарылғанын атап өтті.
«Ал біздің жастардың санасы кинозалдардың, электрондық құрылғылардың экрандарынан патриотизмнен басқа қажетсіз нәрсенің барлығымен аяусыз уланып жатыр. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен жоғары деңгейде жүзеге асырылған қазақстандық азаматтарды құтқару операциясы секілді ерекше оқиғалар өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін жоғары көркемдік кино түсіруге тамаша сюжет болар еді», - деді депутат.
Осыған байланысты Қ. Сұлтанов бірнеше ұсынысын жариялады.
Бұл ретте мемлекеттік тапсырыс бойынша «Жусан» операциясы негізінде шытырман оқиғалы, деректі, патриоттық тәрбиедегі көркем фильм түсіру қажеттігі айтылды.
«Президенттің үстіміздегі жылды Жастар жылы деп жариялауына байланысты жастардың рухани және патриоттық тәрбиесі жалпы мемлекеттік мүдде болғандықтан, жастардың патриоттық әрі рухани тәрбиесінің кешенді жоспары мен шараларын қарастыру жөн болар еді», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялауға байланысты мәлімдеме жасаған болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткендей, 6 қаңтарда құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылған.