Қазақстанда соңғы он жылда елуге тарта кен орындары ашылған
«1996-2014 жылдар аралығында еліміздегі геологиялық барлау жұмыстарына жұмсалған шығындар әрбір шаршы/шақырымға 3 доллардан келген болатын. Бұл дамыған елдерге қарағанда айтарлықтай төмен көрсеткіш және біз аз зерттелген аумақтардың шаршы/шақырымына шамамен 0,2 доллар жұмсаппыз. Осылайша, Қазақстанның аумағында геологиялық зерттеулер, барлаулар өте аз жүргізілген болып отыр. Осының салдарынан еліміздің аз зерттелген аумақтарының инвестициялық тартымдылығы төмен болып табылады. Ал соңғы он жылда геологиялық барлауда белгілі бір ілгерілеушілік болғанына қарамастан, елімізде ірі кен орындарының ашылмау фактісі де осы инвестициялық тартымдылықтың төмендігін аңғартса керек. Мәселен, соңғы он жылда «А+Б+С1» санатында 164 млн. тонна және «С2» санатында 169 млн. тонна қорлары бар 50-ге тарта кен орындары ашылды», - дейді Ұ. Қарабалин.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда жаңа ауқымды кен орындарын ашу үшін геологиялық барлау жұмыстарына инвестициялар тарту мәселесі өзекті болып табылады.