Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда спорттық БАҚ-қа букмекерлік кеңселерді әлеуметтік желіде жарнамалауға тыйым салынады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық спорттық бұқаралық ақпарат құралдары букмекерлік кеңселердің жарнамасын өз сайттарында орналастыра алады, алайда әлеуметтік желілерде мұндай жарнама жариялауға рұқсат жоқ. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті Kazinform сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Букмекерские конторы и тотализаторы обяжут передавать данные в налоговые органы
Фото: МКК

Комитеттің түсіндіруінше, «Жарнама туралы» заң тек спорт тақырыбына маманданған тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарында букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға мүмкіндік береді. Алайда бұл ерекшелік мұндай БАҚ-тың әлеуметтік желілердегі парақшаларына қолданылмайды.

– Instagram, TikTok, «ВКонтакте», Threads және Telegram әлеуметтік желілері онлайн-платформалар болып саналады. Өйткені контент пен жарнама пайдаланушы жасаған аккаунт арқылы орналастырылады. Осыған байланысты букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі жарнамасына тыйым салынады, – делінген комитет жауабында.

Осылайша, спорттық БАҚ букмекерлік кеңселердің жарнамасын өз сайтында орналастыруға құқылы болғанымен, Instagram, TikTok, Telegram, Threads немесе «ВКонтакте» желілерінде жариялай алмайды.

Ерекшеліктер заңнамада нақты белгіленген жағдайларға ғана қатысты. Олардың қатарында лицензиясы бар букмекерлік кеңселердің ресми сайттары және отандық телеарналардағы халықаралық спорттық жарыстардың тікелей көрсетілімдері бар.

Айта кетейік, енді медициналық қызметтердің де жарнамасына талап қатаңдайды.