Қазақстанда сүт безі обырына ота жасалғаннан кейін, пішінін қалпына келтіретін ем қолданылады - онколог
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Қазақстанда барлық аурулар ішінде онкология 7-ші орында тұрса, өлім-жітім бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін екінші орында келеді. Солтүстік Қазақстан облысы көпбейінді аурухана онкологиялық орталығының дәрігері, маммолог, онкохирург Ерқанат Байтұрсынның айтуынша, жылда диспансерлік есепте тұрғандардың қатарына еліміз бойынша 37 мың сырқат жаңадан қосылады.

Онколог Ерқанат Байтұрсын қатерлі ісік ауруларының ішінде сүт безі рагы бірінші орында тұрғанын айтады. Орташа алғанда, елімізде жыл сайын 5 мыңға жуық әйелге осы диагноз қойылады, 1200-ге дейін әйел қайтыс болады.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда онкологиялық аурулары бар 210 мыңнан астам пациент динамикалық бақылауда тұр. Аурудың құрылымына тоқталсақ, 1 орында - 13,2% сүт безі обыры, 2 орында – 10% өкпе обыры және 3 орында 9,3% колоректальды қатерлі ісік келеді. Осыған байланысты онкологиялық ауру әйелдерде жиі кездеседі.
СҚО бойынша сүт безі обыры былтыр жаңадан 237 пациентте анықталып, олар диспансерлік есепке алынды», - дейді дәрігер.
Сүт безі қатерлі ісігі ерте сатысында анықталған жағдайда ем қонып, онкологиялық науқастардың 95% тәуір болып кетеді.
«Сүт безі обырымен көбіне ересек, артық салмағы бар әйелдер, алкогольді ішімдіктерді жиі пайдаланатындар, отбасында жақын туыстары осы дертпен ауырғандар, радиациялық әсерге ұшырағандар, ерте жүкті болғандар, темекіні пайдаланатындар ауырады. Сондай-ақ менопаузадан кейінгі гормондық терапия сияқты фактор да ісіктің даму қаупін артады. Десек те сырқаттардың жартысына жуығы жасы қырықтан асқан әйел, оларда сүт безі қатерлі ісігінің басқа анықталған қауіп факторлары болмаған», - дейді Ерқанат Байтұрсын.
Онкологтың айтуынша, отбасы мүшесінің сүт безі қатерлі ісігімен ауыруы обырдың даму қаупін арттырады, алайда сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылған әйелдердің көпшілігінде жақын туыстары қатерлі ісікке шалдықпаған.
Қазақстанда сүт безі обырын ерте анықтау мақсатында әйелдер арасында Ұлттық скрининг жүргізіледі. Тегін скринингтен 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер тұрғылықты жері бойынша емханаларда өтеді.
«Әркім өз денсаулығына мұқият болғаны жөн, халқымыз бекерден басты байлық – денсаулық демейді. Сондықтан әйелдерге ең кемінде жылына бір рет гинеколог пен маммолог тексерісінен өтуге кеңес беремін. Сүт бездерінің қандай өзгерістеріне назар аудару керек? Егер сүт безінің көлемі мен пішіні өзгерсе, ұшы ішіне тартылса немесе бір жағына қисайса немесе эрозия, қотыр пайда болса, сұйықтық ақса, түрі өзгерсе, қолтық асты немесе үстіңгі терісі қалыңдап, ісінсе және кеуденің бір бөлігінде, сүт безінің айналасында немесе қолтық асты жиі ауырса – міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет», - дейді онколог.
Маманның айтуынша, Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі барлар химиотерапия, сәулелік терапия, радикалды хирургиялық араласу сияқты ем алумен қатар, оларға реконструктивті-қалпына келтіру операциялары қолданылады.
«Бұл емдеу әдісі косметикалық ақауды жоя отырып, радикалды емдеуден кейін кесіп алынған сүт безін хирургиялық модельдеуден тұрады. Сүт безі қатерлі ісігінің реконструктивті операциялары әйелге сүт безінің пішінін қалпына келтіруге және айтарлықтай психологиялық қолдау алуға мүмкіндік береді», - дейді Ерқанат Байтұрсын.