Қазақстанда табиғат пен қоршаған орта үшін судың қажеттілігі есепке алынбай келеді
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда табиғат пен қоршаған орта үшін судың қажеттілігі есепке алынбай келеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде Еуропалық Одақтың «Қазақстан Республикасында экологиялық саясаттың құралдарын енгізу» атты жобасының таныстырылымы барысында жобаның бас сарапшысы Болат Есекин айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Атап айтқанда, елімізде бүгінгі күні Аралға, Каспийге, Балқашқа қаншалықты мөлшерде, қандай сападағы су қосылып тұратыны, осы тұрғыдағы маусымдық қажеттіліктердің көлемі есептеліп отырған жоқ. Ең құрығанда, Арал мен Балқашты құтқару миссиясы бойынша теңізге құйылатын маусымдық су мөлшерлері еске алынып, оның бақылауын ұйымдастырған орынды болар еді. Тіпті Қазақстанда бұндай есептеулерге жауапты орган жоқ десе де болады. Мәселен, Ауыл шаруашылығы Су ресурстары комитетінің негізгі қызметі сумен қамтамасыз ету, оның ішінде экономикалық қажеттіліктер үшін судың қамтымдылығын қадағалау болып табылады. Ал, маусым сайын Балқашқа немесе Аралға судың қосылуы немесе қосылмауы қандай да бір орган тарапынан мүлдем қадағаланбайды», деді Б. Есекин.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі ауыл шаруашылығы саласында да су қадағалаусыз пайдаланылады. Сонымен бірге бас сарапшы Қазақстандағы суды басқаруға қатысты өкілеттіктердің бытыраңқы бөлінгеніне назар аудартты. «Мәселен, сумен қамтуды Су ресурстары комитеті қадағаласа, сапасы экологияға, жерасты сулары геологияға, трансшекаралық өзендер Сыртқы істер министрлігінің қарауына берілген. Сондықтан да, кей жағдайларда суды басқаруға қатысты жүйелілік орындалмайды», деді Б. Есекин.