Қазақстанда талапкерлерді бағалаудың жаңа жүйесі енгізіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда талапкерлерді іріктеу тәсілі өзгеріп, жаңа форматтағы тест енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Саясат Нұрбек мәлім етті.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер жоғары оқу орындарындағы білімнің формалды сипаты туралы сынға қатысты сұрақ қойды.
Министрдің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін талапкерлерді іріктеу жүйесі жаңартылып жатыр.
— Өткен жылы Мемлекет басшысының сапары аясында АҚШ-қа барып, тест әзірлеу бойынша әлемдегі жетекші ITS компаниясымен келісімге қол қойдық. Қазір жаңа форматтағы тест әзірленіп жатыр, — деді ол.
Оның сөзінше, Admissions Insight Test деп аталатын жаңа тест талапкерлерді неғұрлым нақты іріктеуге, олардың білімін жан-жақты бағалауға және нәтижелерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
— Бұрынғыдай тек бір ғана жалпы балл болмайды. Нәтиже бірнеше модуль бойынша көрсетіледі. Жобаны келесі жылы пилоттық режимде іске қосуды жоспарлап отырмыз, — деді министр.
Саясат Нұрбек өзгерістер кезең-кезеңімен енгізілетінін атап өтті.
— Ешқандай күрт өзгеріс болмайды. Талапкерлер үшін тосын немесе шұғыл жаңалықтар болмайды, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында ғылыми жетістіктер көрсеткішін өңір әкімдерінің рейтингіне қосу қажеттігі айтылған еді.