Қазақстанда тауар экспорты мен импортына рұқсат беру тәртібі енгізіледі
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Сауда, өнеркәсіп, цифрландыру, қаржы және көлік министрлері бірлескен бұйрықпен «Қазақстан Республикасының аумағында жекелеген тауар түрлерін экспорттауға және импорттауға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсету бойынша пилоттық жобаны іске қосты.
Атап айтқанда, құжатта еліміздің аумағында «Жекелеген тауар түрлерін Қазақстан Республикасының аумағында экспорттауға және импорттауға рұқсат беру» мемлекеттік қызметін көрсету бойынша пилоттық жобаны іске қосу делінген.
Сонымен қатар қосымша құжатта Қазақстан аумағынан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) қатысушы мемлекеттердің аумағына жекелеген тауар түрлерін әкетуге рұқсат беру қағидалары көрсетілген.
Оған қоса, Қазақстанға ойын автоматтарын әкелуге де рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Мұндай рұқсат казино және ойын автоматтары залы қызметіне лицензиясы бар заңды тұлғаларға беріледі. Рұқсат электронды түрде рәсімделіп, «КЕДЕН» цифрлық жүйесінде көрсетіледі.
Еліміздің аумағынан ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағына жекелеген өнеркәсіптік тауар түрлерін, сондай-ақ телекоммуникациялық және компьютерлік жабдықтардың, олардың бөлшектері мен материалдарының жекелеген түрлерін, авиация өнеркәсібінің жекелеген тауар түрлерін әкету рұқсат болған жағдайда, яғни рұқсат беру тәртібімен жүзеге асырылады.
Айта кету керек, қағидаларда бұрын берілген тауарларды әкетуге арналған рұқсаттардың олар берілген мерзім аяқталғанға дейін өз күшін сақтайтыны белгіленген. Алайда олардың қолданылу мерзімі 2026 жылғы 31 желтоқсаннан кешікпеуге тиіс.
Сондай-ақ рұқсаттар электронды түрде беріледі, өтініштер «цифрлық үкімет» веб-порталы арқылы қабылданады. Рұқсат беру мерзімі — 5 жұмыс күні.
Экспортқа берілген рұқсаттың қолданылу мерзімі тиісті күнтізбелік жылмен шектеледі. Рұқсат алған тұлғалар оның мерзімі аяқталғаннан кейін 15 күнтізбелік күн ішінде рұқсаттың орындалуы туралы ақпарат ұсынуға міндетті.
Аталған бұйрық 2026 жылғы 23 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі. Толық ақпаратты сілтеме арқылы оқи аласыз.
Бұған дейін жолаушылар қандай тауарларды ақысыз әкеле алатынын жазғанбыз.