Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында қызамықпен сырқаттану көрсеткіші 879 еседен астам азайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кең көлемді вакцинациялау нәтижесінде соңғы 25 жылда республикада қызамықпен сырқаттану деңгейі 879,6-дан астам есеге азайды. 1991 жылы қызамықпен сырқаттанудың 17593 жағдайы тіркелсе (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 104,68 жағдай), 2015 жылы 2 жағдай тіркелген (сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,01 жағдай), деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында қызамықпен сырқаттану көрсеткіші 879 еседен астам азайды

Қызамық - ауру адаммен тығыз қатынаста болғанда ауа-тамшылы жолмен жұғатын респираторлық вирусты жіті инфекция. Жүкті әйелдер үшін қызамық ауруы өте қауіпті. Себебі, құрсақтағы нәресте 85%-ға дейін ауыр зақымдануы мүмкін. Сонымен қатар, дамудың ауытқушылық үштігі түріндегі (жүректің қолқалық кемістігі, катаракта, саңыраулық) туа біткен қызамық синдромы туындайды. Орталық жүйке жүйесінің, микрофтальмгения, гемморагиялық синдром (тромбоцитопения нәтижесінде), зәр шығару және ас қорыту жүйелері дамуының кемістігі мен қаңқаның зақымдануы да аз кездеспейді. 

Вакцинациялау - қызамықтың алдын алу бойынша бірден бір тәсіл болып табылатынын атап айту керек. Қазақстанда халықты аталған ауруға қарсы иммунизациялау екі мәрте жүргізіледі: 12 мен 15 ай аралығындағы жаста және 6 жаста. 

Қазіргі таңда құрамында қызамық, қызылша, індетті паротиттің жеңілдетілген вирустары бар «бір түтікшедегі» біріктірілген вакцина жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Вакциналаудан бас тарту - індетке бейім адамдардың санын арттырып, ауру ошағының пайда болуына себепкер болуы мүмкін.