Қазақстанда темекі бағасы өсуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Қаржы министрлігі темекі өнімдерінің ең төменгі бөлшек сауда бағасын көтеруді көздейтін бұйрық жобасын әзірледі.
Аталған өзгерістер сүзгісі бар және сүзгісіз темекілерге, папиростарға, сигариллаларға, сондай-ақ қыздырылатын темекі өнімдеріне қатысты болады.
Ведомствоның мәліметінше, темекі өнімдеріне ең төменгі бағаларды қайта қарау темекіге қатысты теңгерімді салық және баға саясатын іске асыру үшін қажет. Сонымен бірге, бұл шара денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат аясында темекі өнімдерін тұтынуды азайтуға бағытталған.
Құжатты әзірлеушілердің пікірінше, ең төменгі бөлшек сауда бағасының өсуі бюджетке түсімдерді арттыруға және темекі өнімдерінің көлеңкелі айналымын қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұйрық жобасы Қазақстанның темекі өнімдерін өндіру мен олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасына, сондай-ақ елдің темекі шегуге қарсы күрес жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне сәйкес әзірленген.
Түсіндірме жазбада құжатты қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық жағдайға теріс әсер етпейтіні көрсетілген.
Қазіргі уақытта бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, қоғамдық талқылауға шығарылды. Талқылау 2026 жылғы 20 шілдеге дейін жалғасады.