Қазақстанда теміржолмен астық тасымалдау 13%-ға артты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2026 жылдың сегіз айында теміржол арқылы 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп, деп хабарлайды Көлік министрлігі.

в
Фото: Көлік министрлігі

2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында теміржол арқылы тасымалданған астық көлемі 8,2 млн тоннаны құраған.

Жаңа егін жинау науқанының басталуымен жаңа өнім астығының алғашқы миллион тоннасы тасымалданды. Биыл тамыз айының өзінде теміржол арқылы 1,1 млн тонна астық жеткізілген. Бұл 2025 жылдың тамызымен салыстырғанда 35%-ға жоғары.

Экспорттық тасымалда да өсім байқалады. Жыл басынан бері теміржол арқылы сыртқы нарықтарға 7,2 млн тонна астық жөнелтілді. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 6,3 млн тонна болған. Осылайша экспорт көлемі 14%-ға артты.

– Экспорттық тасымалдың негізгі көлемі Орталық Азия елдеріне тиесілі – 4,8 млн тонна. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 37%-ға жоғары. Өзбекстанға 3,6 млн тонна астық жөнелтіліп, тасымал көлемі 50%-ға, Тәжікстанға 1 млн тонна жеткізіліп, 17%-ға артты, – делінген министрлік ақпаратында.

Ауғанстанға экспорт көлемі айтарлықтай өскен. Бұл елге сегіз айда 655 мың тонна астық тасымалданды – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,4 есе көп.

Қытайға теміржол арқылы 558 мың тонна астық жөнелтілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 33%-ға артық.

Астық тасымалын тұрақты әрі уақтылы қамтамасыз ету үшін Көлік министрлігі астықты теміржолмен тасымалдауды ұйымдастыру және үйлестіру жөніндегі жұмыс тобын құрды.

Жұмыс тобы тасымалдау үдерісіне қатысушылардың қызметін үйлестіріп, теміржол инфрақұрылымы мен вагондар паркінің артып келе жатқан тасымал көлеміне дайындығын бақылайды.

Сонымен қатар астықты біркелкі тиеуге, вагондардың қозғалысын тиімді ұйымдастыруға және олардың станцияларда шамадан тыс жиналып, тұрып қалуына жол бермеуге ерекше назар аударылып отыр.

Айта кетейік, елімізде дәнді дақылдардың 61,6%-ы жиналды, 13,5 млн тонна астық бастырылды.