Қазақстанда ТМД елдері аумағында тұңғыш рет Бүкіләлемдік ферроқорытушылар конгресі өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 10 маусым. ҚазАқпарат - Қазақстан тек шикізат өндіруші ғана емес, әлемдік деңгейдегі озық инновациялық жаңа өнім шығарушы ел ретінде де дүние жүзіне таныла бастады. Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «INFACON XIII» Бүкіләлемдік ферроқорытушылар конгресінде айтылды.
«Ферроқорытпа мамандарының бұл конгресі алғаш рет 1976 жылы Оңтүстік Африка Республикасында басталған болатын. Өндірісшілер мен ғалымдардың басын қосатын бұл шара 3 жылда бір рет ұйымдастырылады. Оған бұл жолы 36 елден 400-ден астам делегат қатысуда. Оның 80 пайызы шетелдіктер. Олар конгрестен кейін Ақтөбе мен Ақсудағы ферроқорытпа зауыттарының жұмысымен таныспақ. Сондай-ақ 14 маусым күні Павлодарда әлемдегі тұңғыш ферросиликоалюминий зауытының ашылуына қатысқалы отыр», - дейді «ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Манат Толымбеков.
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесінің айтуынша, темір-аллюминий-кремний қосындысынан бұған дейін ешкім қорытпа жасамаған. Қазақстан ғалымдары жаңалық ашып, оны патенттеп, өндірістік жолмен ферросиликоалюминий өндіретін әлемдегі тұңғыш зауытты салу арқылы бүкіл әлемге Қазақстанды танытып отыр. Мәселен, ұлттық орталықтың жасалымдары бойынша Германия, Оңтүстік Корея, Қытай, Италия, Канада, Боливия және ТМД елдерінде түрлі өнеркәсіп нысандары салынып, жұмыс істеп жатыр. Тек Қытайдың өзінде биыл құрамында қорғасыны бар шикізатты өңдеуге арналған 2 зауыт іске қосылып отыр.