Қазақстанда ТМД елдері аумағында тұңғыш рет шаңғымен тұғырдан секіруден Құрлықаралық кубок жарысы өтеді
Бұл туралы аталмыш дүбірлі доданы ұйымдастырушылар бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында мәлім етті.
"Әлем кубогынан кейінгі ең ірі байрақты бәсеке саналатын бұл шара бұрынғы кеңестік республикалар аумағында тұңғыш рет Қазақстанда өткелі отыр. Қазан айында жаңадан іске қосылатын Халықаралық шаңғы трамплині кешеніндегі бұл жарыс 2011 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындық аясында ұйымдастырылмақ. Халықаралық шаңғы федерациясының спорт жарыстары күнтізбесіне енгізілген Құрлықаралық кубокқа 12 елден спортшылар қатысады", дейді "2011 жылғы Азия ойындары дирекциясының" Алматы қаласындағы директоры Сұлтанмахмұт Шоқпытов. Оның айтуынша, Құрлықаралық кубокқа қатысатын спортшылар арасында Әлем кубогының жеңімпаздары словакиялық Прмож Петерка, чехиялық Якуб Янда, 2010 жылғы Гран-При кезеңдерінің жеңімпазы польшалық Камил Стох сияқты әйгілі спорт саңлақтары бар. Бұл додада ел намысын 4 тұғырдан секіруші қорғамақ. Оған Радик Жапаров, Николай Карпенко, Александр Королев сияқты ұлттық құрама үздіктері еніп отыр.