Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда Цифрлық кодекс күшіне енді

АСТАНА. KAZINFORM – 12 шілдеден бастап Қазақстан Республикасында цифрлық технологияларды жүйелі дамытуға, жасанды интеллектті жаппай енгізуге және орнықты цифрлық ортаны қалыптастыруға негіз болатын құжат — Цифрлық кодекс ресми түрде күшіне енді.

Қазақстанда Цифрлық кодекс күшіне енді
Фото: Freepik.com

Бұл заңның қабылдануы еліміздің жекелеген шешімдерден мемлекеттік деңгейдегі кешенді цифрлық трансформацияға көшуін білдіреді.

Цифрлық кодекс заңнамалық деңгейде алғаш рет адамның цифрлық құқықтарын бекітеді. Азаматтар өздерінің дербес деректерін басқаруға, оның ішінде оларды жоюға, жасырын түрлендіруге (анонимизация) және өңдеуді шектеуге кепілдік берілген құқық алады. Биометрияға ерекше назар аударылды: оны пайдалану қазір қатаң регламенттелген. Маңызды қадамдардың бірі — автоматтандырылған жүйелер мен ЖИ алгоритмдері қабылдаған шешімдерді қайта қарау құқығының енгізілуі, бұл енгізіліп жатқан технологиялардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді.

Құжат цифрлық құжаттар, мәліметтер және растамалар, оның ішінде push-хабарламалар мен кодтар ұғымдарын енгізу арқылы құқықтық алаңды кеңейтеді. Сондай-ақ цифрлық объектілердің түрлерін (цифрлық жазбалар, активтер, ресурстар, платформалар, бағдарламалық қамтамасыз ету, цифрлық жүйелер, цифрлық инфрақұрылым объектілері, цифрлық деректер өнімдері және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де цифрлық объектілер), сондай-ақ олардың негізгі цифрлық объектілер мәртебесін нақты айқындайды.

Мемлекеттік функцияларды орындауға, мемлекеттік қызметтерді көрсетуге немесе мемлекеттің цифрлық архитектурасының орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған стратегиялық цифрлық объектілер ұлттық цифрлық объектілер мәртебесіне ие болады. Мұндай мәртебе Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленетін болады. Сонымен қатар смарт-келісімшарттар мен бөлінген жүйелерді пайдалану үшін жағдайлар жасалады.

Маңызды жаңалықтардың бірі — цифрлық деректер өнімдерін алмасуы мен айналымы платформасын енгізу. Бұл — онда орналастырылған цифрлық өнімдерге пайдалану шарттары нақты белгіленген, ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін цифрлық алаң. Кодексте «цифрлық деректер өнімі» деп цифрлық ортада тиімді қолдануға дайын, деректерді өңдеудің жиынтықталған, формализацияланған нәтижесі түсініледі. Бұл ретте мұндай платформалардың меншік иелеріне киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қатаң міндеттемелер жүктеледі: олар рұқсатсыз кіруді, деректердің сыртқа кетуін және егер ҚР заңнамасымен шектелген болса, деректерді трансшекаралық беруді болдырмауға міндетті. Осылайша, мұндай платформаларды құру елдегі цифрлық деректердің заңды, қауіпсіз және ашық айналымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңа нормаларға сәйкес, цифрлық трансформация мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор үшін міндетті процеске айналады. Жыл сайынғы трансформация бағдарламалары енді басшылар үшін негізгі тиімділік көрсеткішіне (KPI) айналады. Кодекс сондай-ақ киберқауіпсіздіктің күшейтілген стандарттарын белгілейді және мүгедектігі бар адамдар үшін цифрлық сервистердің қолжетімділігіне кепілдік береді.

Цифрлық кодекстің Цифрландыру және жасанды интеллект жылында қабылдануы технологиялық прогресс пен Қазақстан азаматтарының мүдделерін қорғау арасындағы теңгерімді қамтамасыз ететін тұтас құқықтық базаны қалыптастырады.

Айта кетелік Қазақстанда цифрлық активтерді ерікті түрде жария ету тетігі енгізіледі