Қазақстанда тұқым тапшылығы қалай жойылады – АШМ жауап берді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде кейбір майлы дақылдардың тұқымы тапшы. ҚР АШМ бұл мәселе алдағы жылдары қалай шешімін табатынын мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, биыл егіншілік маусымына қажетті тұқым қоры толық.
— Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша, 2025 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 2,3 млн тонна дәнді және майлы дақылдар тұқымы қажет, олар бүгінгі күні толығымен жабылған, - делінген АШМ ресми жауабында.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері жыл сайын сорттық әртүрлілік үшін отандық тұқымдармен қатар импорттық тұқымдарды да сатып алатыны айтылды.
— Бидай тұқымдары негізінен Ресейден, майлы дақылдар Франциядан, Түркиядан, АҚШ-тан, картоп тұқымдары Ресейден, Беларусьтен, Германиядан сатып алынады, - деп жазылған хабарламада.
Одан бөлек ведомство тұқым тапшылығы мәселесі қалай шешімін табатынын да атап өткен:
— Республика бойынша тұқыммен қамтамасыз ету 89%, бұл ретте майлы дақылдардың жекелеген түрлері (күнбағыс 67%, рапс 40%, мақсары 12,9%), көкөніс дақылдары және қант қызылшасымен қамтамасыз етудің пайызы төмен. Импортқа тәуелділікті қысқарту және аграрлық секторды отандық селекцияның бәсекеге қабілетті тұқымдарымен қамтамасыз ету жөніндегі мәселе ҚР Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарын іске асыру есебінен шешілетін болады. Оның нәтижесінде Ауыл шаруашылығы дақылдарының 108 жаңа сорты мен буданы құрылып, 2028 жылға қарай отандық селекция тұқымымен себілген елдің егіс алқаптарының үлесі 78,2%-ға дейін арттырылады (2024 жылы 52,3%).
Кешенді жоспарға сай, заңнамалық және нормативтік базаны жетілдіру, селекционерлер мен тұқым өндірушілердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, қазақстандық селекционерлердің шетелдік және әлемдік ғылыми орталықтармен бірлескен жұмысын жандандыру қолға алынады.
Одан бөлек, салаға жас кадрлардың келуі үшін қолайлы жағдай жасау арқылы селекция және тұқым шаруашылығы жүйесін жаңғыртуға бағытталған бірқатар іс-шара көзделген.
Айта кетейік, Қазақстанда өнімділікті арттыру үшін жоғары сапалы тұқымдар орталығы құрылады.