Қазақстанда тұңғыш рет қатерлі ісікті жоғары деңгейде емдейтін сәулелендіру құрылғысы іске қосылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында қатерлі ісікті жоғары деңгейде емдейтін «True Beam» деп аталатын сәулелендіру құрылғысының тұсаукесері өтті.
None
None

Ашылу рәсіміне институт ұжымымен қоса, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алксандр Цой қатысты.

Өз сөзінде аталмыш институттың директоры, медицина ғылымдарының докторы Қуаныш Нұрғазиев құны 1 366 млрд. теңгені құрайтын бұл жоғары технологиялық аппаратты орнату 2012-2016 жылдарға арналған «Онкологиялық көмекті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылғандығын жеткізді.

«Бұл бағдарлама кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Бағдарламаның жалпы бюджеті - 211 млрд. теңге. Ол 5 жылға шақталған. Бағдарламаны жүзеге асыру онкологиялық ауруларға душар болған науқастарға медициналық көмек көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз институт жанынан жаңа бірегей ғимарат салдық. Оған 1,5 жыл уақыт кетті. Сөйтіп, бұл кешеннің ішіне жоғары энергетикалық жүйелік үдеткіш орнатылды. Онымен жұмыс істейтін кадрлар даярладық. Бұл аппарат енді сәулелі терапияны өте жоғары деңгейде жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Қ. Нұрғазиев.

Өз кезегінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой болашақта Астана, Ақтөбе және Семей қалаларында да осындай құрылғы іске қосылатындығын жеткізді.

«Қазір бүкіл республика бойынша онкологиялық диспансерлер замануи компьютерлермен, томографиялармен, ренгендік, эндоскопиялық және басқа да технологиялармен жабдықталуда. Онкологиялық қызметтердің 100 аса қызметкерлері шет елдерде біліктілігін арттырып келді. Елімізде қатерлі ісік ауруларын алдын алу мақсатында 6 скринингтік бағдарлама жүзеге асырылады. Олар жылына 2 млн. адамды қамтиды. Сонымен қатар, Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Семей және Алматыда онкологиялық диспансерлер базасында 5 жоғары технологиялық орталықтар ашылды. Енді болашақта Астана, Ақтөбе және Семей қалаларында аталмыш үдеткіштер де орнатылатын болады», - деді А. Цой.

Бұдан кейін, Қуаныш Нұрғазиев пен Алексей Цой салтанатты жағдайда лента қиып, жаңа кешеннің тұсауын кесті.

Айта кетелік, «TrueBeam» сәулелендіру құрылғысы науқастың өзге ағзаларын зақымдамай, тек обыр орналасқан аймақты ғана сәулелендіреді. Бұл аппараттың қосымша қалқандары науқастың обырына сәйкес түрлі формаға еніп, ісік ошағына сәуленің ең көп мөлшерін жібереді. Өзге сау ағзалар мүлдем зақымданбайды. Қосымша ауырсыну сияқты емнің зиянды әсерлері болмайды. Науқастың қатерлі ісігінің көлемі күн сайын қадағаланып, соған сәйкес сәуленің бағыты да өзгеріп отырады. Осылайша аз уақыттың ішінде нәтижелі емге қол жеткізуге болады. Ең қиын нүктелерде орналасқан ісіктерді сәулелендіруге осы аппараттың компьютерлік томографы қолданылады. Тіпті науқастың демі арқылы ісікті емдеу әдісі де тиімді түрде пайдаға асырылады.

Орталық Азия елдері ішінде тұңғыш рет сатып алынған бұл құрылғы алдағы сәуір айынан бастап, толығымен қолданысқа беріледі. Онда күніне 60 науқасқа ем жасалады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар