Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда тұрақты донорлар саны азайған

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде тұрақты қан тапсыратын азаматтарды ынталандыратын жаңа марапат енгізілді. Ол кімдерге беріледі және Қазақстандағы донорлық ахуал қандай? Бұл туралы Донор кадрларын жинақтау бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Сағамбаева Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтты.

Қазақстанда тұрақты донорлар саны азайған
Видеодан алынған скрин

— Бұл марапат 17 жыл бұрын болған, кейін тоқтатылды. Осы уақыт аралығында донорларға «Денсаулық сақтауға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі табысталды. Ол бүгінге дейін 43 адамға берілді. Алайда бұл белгі донорларға ғана емес, медицина қызметкерлеріне де табысталатын. Сондықтан енді арнайы қан тапсырушыларға арналған «Құрметті донор» төсбелгісі енгізілді. Марапат кемінде 40 рет қан немесе тромбоцит, не 70 рет плазма тапсырған азаматтарға беріледі, — деді Әйгерім Сағамбаева.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 180 мыңнан астам адам донор атанып, олардың қатысуымен 255 мыңнан астам донорлық рәсім жасалады. Соның нәтижесінде 80 мыңнан астам науқас қажетті қан компоненттерімен қамтамасыз етіледі. Алайда, маманның айтуынша, соңғы уақытта тұрақты донорлар саны азайған.

— Мәселен, Астананың өзінде күн сайын шамамен 150 донор қажет. Көбіне І және ІІ қан топтарына сұраныс жоғары. Әсіресе І теріс қан тобына қажеттілік үлкен. Тұрақты донорлар қажет, — деді спикер.

Донор болғысы келетін азаматтар үшін нақты талаптар белгіленген. Қан тапсыруға 18 жасқа толған, денсаулығы қалыпты кез келген адам өтініш бере алады. Алғаш рет келген азаматтың деректері Бірыңғай донорлық орталықтың компьютерлік базасы арқылы тексеріледі.

— Донордың бойы 150 сантиметрден жоғары, салмағы кемінде 50 келі болуы керек. Сондай-ақ гемоглобин деңгейі 120 г/л-ден төмен болса, адам донор бола алмайды. Науқасқа құйылатын қанның қауіпсіз болуы үшін донордың денсаулығы жақсы болуы қажет. Ер адамдар екі айда бір рет, ал әйелдер үш айда бір рет қан тапсыра алады, — деді ол.

Қан тапсырған азаматтарға заңнамада бірқатар әлеуметтік кепілдік те қарастырылған. Атап айтқанда, медициналық тексеруден өткен және қан тапсырған күні донор жұмыстан орташа жалақысы сақтала отырып босатылады. Сонымен қатар оған анықтама негізінде тағы бір күн ақылы демалыс беріледі. Егер донор сол күні өз еркімен жұмысқа шықса, бұл демалысты жұмыс берушімен келісіп басқа күнге ауыстыруына немесе жыл сайынғы еңбек демалысына қосып пайдалануына болады.

Бұдан бөлек, қан тапсырған адам қан тобы мен резус-факторын, сондай-ақ АИТВ және басқа да бірқатар инфекцияларға жүргізілген зертханалық тексерулердің нәтижесін тегін біле алады.

Маманның айтуынша, тұрақты донорлар қатарын көбейту — мыңдаған адамның өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Сондықтан жаңа марапаттың енгізілуі қоғамда донорлық мәдениетті дамытуға және азаматтарды тұрақты түрде қан тапсыруға ынталандыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, елімізде донорлық көрсеткіш бойынша Астана, Алматы және Шымкент көш бастап тұр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Үкіметінің қаулысымен қан донорлары үшін алғаш рет ресми түрде «Құрметті донор» марапаты тағайындалғанын хабарлағанбыз.