Елде тұрақты тұруға мүмкіндік алатын шетелдіктер қатары кеңеюі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Елде шетел азаматтарына тұрақты тұруға рұқсат алу үшін сұранысқа ие мамандықтар тізімін айтарлықтай кеңейту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Тиісті бұйрық жобасын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі.
— Жобада Қазақстан Республикасында шетел азаматтарына тұрақты тұруға рұқсат алу үшін сұранысқа ие мамандықтар тізімін ел экономикасының қажеттіліктері мен басым салаларды ескере отырып, 51-ден 174 мамандыққа дейін кеңейту көзделген, — делінген құжатта.
Тізімді қалыптастыру кезінде Қазақстан экономикасы мен басым салалардың қажеттіліктері ескеріледі. Жобаға сәйкес, бұл өзгерістер Қазақстанға біліктілігі жоғары шетелдік мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Жоба көші-қон саясатын жетілдіру және Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген.
Құжат қабылданған жағдайда жаңа талаптар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығы күшіне енгеннен кейін қолданыла бастайды.
Қазақстан азаматтары бұйрық жобасын 6 қазанға дейін қоғамдық талқылауға қатыса алады. Құжатпен осы жерден танысуға болады.
Бұған дейін Қазақстанда елге тұрақты тұру үшін келген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдармен әңгімелесу өткізу тәртібінің өзгергені хабарланған болатын.