Қазақстанда тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелері 28,4% өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда маусым айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 мыңнан астам мәміле тіркелді, деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.
2026 жылғы маусымда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 39 053 мәміле жасалған. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 28,4%-ға көп. Мамырда 30 420 мәміле тіркелген болатын.
Мәміле саны бойынша Алматы мен Астана қалалары көш бастап тұр.
– Ең көп мәміле Алматы қаласында тіркелді – 6 841 немесе жалпы көрсеткіштің 17,5%-ы. Одан кейін Астана қаласы – 6 436 мәміле (16,5%) және Қарағанды облысы – 3 772 мәміле (9,7%) орналасқан. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелді – 360 мәміле немесе 0,9%, – деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.
Ведомство мәліметінше, маусым айында мамырмен салыстырғанда мәмілелер санының артуы барлық өңірде байқалған.
Ең жоғары өсім Маңғыстау облысында (+67,4%), Қарағанды облысында (+43,4%) және Атырау облысында (+40,9%) тіркелді.
Айта кетейік, Астанада 32 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.