Қазақстанда тұрғын үйді жалға алу бағасы қай өңірде қандай
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде тұрғын үйді жалға беру және пайдалану нарығы тұрақты түрде өсіп келеді. Жалға алу бағасы өңірге және ондағы сұранысқа байланысты әртүрлі деңгейде қалыптасып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігі Finprom.kz сарапшыларына сілтеме жасап хабарлады.
Жалдау нарығы ұлғайып келеді. 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында тұрғын үйді жалға беру және пайдалану саласында көрсетілген қызмет көлемі 333,9 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға көп. Жалпы қызмет көлемінің ішінде халықтың өз қаражаты есебінен төленген қызметтер 53,6 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 10,3%-ға өсті.
Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша, тұрғын үйді жалға беру және пайдалану қызметтерінің көлемі 830,2 млрд теңге болған еді. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен небәрі 0,3%-ға артқанымен, 2019 жылмен салыстырғанда, нарық көлемі 2,5 есе ұлғайған. 2020 жылы сала 3,7%-ға қысқарды. Бұған пандемия әсер еткені шүбәсіз. Ал 2021 жылы 28,1%-ға өсті. 2022 жылы қайтадан 8,9%-ға төмендеп, кейін 2023 жылы 42,1%-ға, ал 2024 жылы 57,1%-ға күрт жоғарылаған.
Әсіресе, ақшасын халық төлейтін жалдау қызметтері көлемінің өсімі айрықша болды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 55,9 млрд теңгеден 188,7 млрд теңгеге дейін, яғни 3,4 есеге ұлғайды. Ал 2025 жылы 4,1%-ға төмендеп, 180,9 млрд теңге көлемінде тіркелді. Соған қарамастан, бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда, айтарлықтай жоғары деңгейде қалды.
Туристік мақсаттағы тұрғын үйді жалға беру нарығы
Нарық құрылымында туристік салаға қатысты жеке тұрғын үйді жалға беру қызметтері де есепке алынады. 2025 жылдың қорытындысында олардың көлемі 232,4 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 22,9%-ға өсті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда, шамамен төрт есеге көп.
Нарықтың ең ірі бөлігі бұрынғыдай туристік салаға жатпайтын пәтерлер мен үйлерді жалға беру қызметтеріне тиесілі. 2025 жылы бұл сегменттің көлемі 7,2%-ға азайып, 575,5 млрд теңге болды. Ал оның алдында 2024 жылы 93,5%-дық күрт өсім тіркелген еді.
Сарапшылардың пікірінше, оған халықты табысты көрсетуге және тиісті салықты төлеуге шақыру іс-шаралары әсер еткен болуы мүмкін. Көптеген жалға беруші міндетті төлемдерді аудара бастаған соң, есепке алынатын айналым ұлғайған.
Сонымен қатар, халықтың өзі төлеген тұрғын үйді жалға алу қызметтерінің көлемі тұрақты түрде өсіп жатыр. Бір жыл ішінде ол 6,5%-ға артып, 154,6 млрд теңгеге жетті. Ал нарықтағы үлесі 23,4%-дан 26,9%-ға дейін көбейді.
Нарық көлемі тұрақтанғанымен, тұрғын үйді жалға алу құны тоқтаусыз өсіп барады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы маусымда жайлы тұрғын үйді жалға алу ақысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,9%-ға жоғары болды. Ал 2025 жылдың маусымында мұндай өсім көрсеткіші 12,7% болған еді.
Баға, әсіресе, 3-4 жыл бұрын қатты жоғарылаған. Ең жоғары өсім 2022 және 2023 жылдары тіркеліп, көрсеткіш 23,6% және 25,4% болған.
Баспананы жалға алу құнының жоғарылауы толастамай тұр. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жалдау ақысы тағы 2,1%-ға өсті. Ақпан мен наурызда қысқа уақытқа арзандағанмен, сәуірде қайтадан көтеріле бастады. Мамыр және маусымда да айтарлықтай қымбаттады.
Қай өңірлерде жалдау ақысы жоғары
Тұрғын үйді жалға алу бағасының ең жоғары өсімі Павлодар облысында тіркелді (38,9%).
Одан кейін бұл көрсеткіш:
• Солтүстік Қазақстан облысында – 35,2%;
• Қызылорда облысында – 19,6%;
• Ақтөбе облысында – 17,1%;
• Маңғыстау облысында – 15,5%;
• Шығыс Қазақстан облысында – 15,3%.
Республикалық маңызы бар қалалардағы жалдау ақысының өсіміне тоқталсақ: Алматыда – 14%-ға, Астанада 13,7%-ға, Шымкентте 11,3%-ға жоғарылады.
Ал ең төмен өсім:
• Ақмола облысында – 5,1%;
• Батыс Қазақстан облысында – 5,5%;
• Ұлытау облысында – 7,1% тіркелді.
Сарапшылардың пікірінше, жалдау ақысының екі таңбалы қарқынмен өсуі жалғасса, тұрғын үйдің қолжетімділігі нарықтағы басты мәселе болып қала береді. Жалға берушілер мен жалға алушылар арасындағы қатынастарды ресми түрде реттеу даулардың санын азайтуы мүмкін. Алайда тұрғын үй ұсынысы артпаса, жоғарыда аталған амал өздігінен бағаның өсуін тоқтата алмайды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 1 млн адам өзін үйге мұқтаж ретінде тіркегенін жазғанбыз.
Бұл туралы BIZDIÑ ORTA подкастында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай айтқан еді.
— Жалпы бүгінгі таңда 1 миллионға жуық адам өзін үйге мұқтаж ретінде тіркеген. Оның ішінде жаңа жүйеде шамамен 360 мың адам кезекте тұр. Олар өздерінің және отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй жоқ екенін растап, мәліметтерін жаңартты, — деді Жансұлтан Матай.
Оның айтуынша, елімізде тұрғын үйге деген жоғары сұраныс бірнеше фактормен байланысты. Соның бірі — тұрғын үймен қамтылу деңгейінің халықаралық стандарттан төмен болуы.
— БҰҰ стандарттарына сәйкес әр адамға 30 шаршы метр тұрғын үйден келуі керек. Бізде бұл көрсеткіш бүгінде 25 шаршы метр. Сонымен қатар 2000-2002 жылдары дүниеге келген жастар қазір оқуын аяқтап, жеке баспана алуға ұмтылып жатыр. Жыл сайын елімізде 300-400 мың бала дүниеге келеді. Сондықтан тұрғын үйге сұраныс әлі де жоғары, — деді ол.
Сонымен қатар, Үкімет мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларына өзгерістер енгізгенін хабарлағанбыз. Енді жекешелендірілетін тұрғын үйдің қалдық құнына қарай оны 15 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.
Қаулыға сәйкес, Қазақстан азаматтары бұрынғыдай мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір ғана тұрғын үйді жекешелендіруге құқылы. Бұл ретте тұрғын үйді купондық тетік арқылы жекешелендіру азаматтың аталған құқықты пайдалануына кедергі келтірмейді.
Сонымен қатар құжатта тұрғын үйді жекешелендіру ұғымы нақтыланды. Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік тұрғын үй қорындағы өздері тұрып жатқан тұрғын үйді заңнамада белгіленген тәртіппен жеке меншігіне сатып ала алады.
Тағы бір өзгеріске сәйкес, негізгі жалдаушының отбасы мүшесінің бұрын жекешелендірілген тұрғын үйде 50 пайыз немесе одан аз үлесі болса, бұл оның кейін мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үйді жекешелендіру құқығынан айырылуына негіз болмайды.
Сондай-ақ жекешелендірілетін тұрғын үй құнын төлеу тәртібі өзгерді. Енді бөліп төлеу мерзімі тұрғын үйдің қалдық құнына қарай белгіленеді.
Атап айтқанда:
· тұрғын үйдің қалдық құны 15 млн теңгеге дейін болса, бөліп төлеу мерзімі 10 жылға дейін болады;
· тұрғын үйдің қалдық құны 15 млн теңгеден асса, төлемді 15 жылға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік беріледі.
Қаулы 2026 жылғы 17 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.