Қазақстанда туризм, мейрамхана және мейманхана ісі бойынша қосдипломды мамандар даярланатын болды
Оның айтуынша, қазіргі таңда осы салаларда Қазақстан үшін кәсіби біліктілігі жоғары маман даярлау - ең өзекті мәселелердің біріне айналған.
«Қазақстан өз дамуында жаңа сатыға көтерілді. Елімізде ірі-ірі халықарлық шаралар өтуде. 2017 жылы Астанада «EXPO-2017» халықаралық көрмесі, Алматыда қысқы Универсиада ойындары және басқа да маңызды шаралар өткізіледі. Оған алыс-жақын шетелдерден сан мыңдаған туристер, мамандар келеді. Осы тұрғыда туризм, мейрамхана және мейманхана ісі салаларының білікті мамандарына деген сұраныс арта түседі. Сондықтан бүгінгі басқосуда аталмыш салаларда мамандар даярлау мәселелері, оқу жүйесінің бағыттары жан-жақты талқыланады», - деді өз сөзінде Б.Нұрахметов.
Оның айтуынша, қазіргі таңда бұл салада елімізде мемлекеттік деңгейде тың жобалар қолға алына бастаған.
«Биыл мысалы, туризм, мейрамхана және мейманхана бизнесі салалары бойынша Қазақстанда тұңғыш рет қосдипломды мамандар даярлау жобасы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекітуі бойынша Алматы технологиялық университетінің базасында жүзезе асырыла бастады. Өйткені бұл жоғары оқу орны мейрамхана ісі мен мейманхана бизнесі мамандықтарын 2009 жылы Қазақстанда тұңғыш рет мамандықтар классификациясына енгізген болатын. Биыл осы жаңа қосдипломдық бағдарламасы бойынша 20 талапкер оқуға қабылданды. Дәрістерді тек ағылшын тілінде екіжақты келісімшарт негізінде Швейцарияның атақты туризм және қонақүй менеджменті институтының оқытушылары жүргізеді. Оқуды бітірген түлектер осы институттың дипломы мен Алматы технологиялық университетінің мемлекеттік үлгідегі дипломына ие болады», - деді Б.Нұрахметов.
Оқу ақысы бірінші жылға - 450 мың теңге, ал қалған жылдарға - 650 мың теңге көлемінде белгіленген. Сонымен қатар аталмыш жоғары оқу орны қабырғасында еліміздің мейрамханалары мен мейманханаларында талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан, бірақ арнайы білімі жоқ менеджерлердің біліктілігін арттыру мақсатында мемлекеттік деңгейде үш және алты айлық оқыту курстарын ұйымдастыру көзделуде.
Бүгінгі басқосуға Алматы қаласы әкімдігінің туризм басқармасының төрағасы Бақытжан Жоламанов, Швейцарияның туризм және қонақүй менеджементі институтының директоры Rohit Bhatia, «Екі Астана» халықаралық бірлестігі (Санкт-Петербор, Ресей), Алматы қаласының жетекші туристік агенттіктері, қонақүйлер мен мейрамханаларының жетекшілері қатысты.