Қазақстанда түрлі салада 50-ден астам виртуалды көмекші іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл елімізде жасандық интеллект негізінде виртуалды көмекшілер енгізіледі. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин мәлім етті.

— 2024 жылдың аяғында ұлттық үлкен тілдік моделі (жасанды интеллект негізінде) әзірленді. Оның негізінде 100 млрд токен жинақталды. Төрт тілде, яғни қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде жасалды. Қазіргі кезде осы модельді пайдаланып, демо-цифрлық 7 шешім даярланды. Олар — Egov, E-otinish және заң жүйесінде пайдаланылатын цифрлық шешім. Биылдың соңына дейін қосымша 50-ден астам осындай жасанды интеллект көмекшілері әзірленеді деп жоспарладық, — деді Қ. Төлеушин Сенаттың жалпы отырысында депутаттардың сұрағына жауап бере отырып.
Былтыр желтоқсан айында eGov жүйесінде виртуалды көмекші пайда болғаны хабарланды.
Еске салсақ, былтыр тілдік модельдің қазақ тіліндегі алғашқы нұсқасы (KazLLM) желтоқсан айында ұсынылатынын жазған едік.