Қазақстанда тұтынушылық несие алған адамдардың 60 пайыздан астамы жасырынып жүр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұтынушылық несие алған 662 мың адам қарызын төлеу мерзімін кешіктіріп отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Коллекторлық қызмет туралы» ҚР Заң жобасын талқылауға арналған «дөңгелек үстелде» ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлім етті.
«Біз баршамыз өткен жылдарда жеке адамдарды несиелендіру деңгейінің өскенін байқадық. 2013 жылы қамтамасыз етілмеген тұтынушылық несиелендіру екі есеге жуық артты. Осы ретте халық табысының өсімі базасында тұтынушылық сұраныстың артуына байланысты оңтайлы тұстары да болды, алайда бұл бағытта қазіргі кезде банктердің алдында қарызы бар жеке адамдардың саны 5 миллионнан асып кетті. Төлем мерзімін кешіктіру көрсеткішіне тоқталатын болсақ, яғни несиесін жаппағанына 90 күннен асып кеткен адамдардың саны 1 миллионнан астам. Ұлттық банк бұндай несиелерді «жұмыс істемей тұрған қарыздар» деп атайды», - деп тоқталды О. Смоляков.
Белгілі болғандай, бүгінде елімізде ипотекалық несиелеудің үлесінде жалпы берешектің 28 пайызға жуығы тиесілі көрінеді.
Сонымен қатар ол тұтынушылық несиелеу мәселесіне тоқтала келе, жеке тұлғаларды несилеудің жалпы көлемінде оның көлемі 49 пайызға жуық деңгейді қамтып отырғандығын жеткізді. Осы орайда 90 күннен астам төлеу мерзімін кешіктіріп алғандар 662 мың адамды құрап отыр. Яғни, 90 күннен астам кешіктерген тұтынушылық қарыздың жұмыс істемей отырған нарығының көлемі 272 млрд. теңгеге жуықтады. Осы қарыздарға қатысты сауықтыру рәсімдерін жүргізу қажет етеді.
«Қарыз алушыға қатысты борышкерлік салмақтың артқаны байқалады, ал екінші жағынан алып қарағанда, аталған қарыз алушылардың төлем жасауға бейімділігі де төмендеп келеді. Жүргізілген талдауға сәйкес, борышкерлердің тек төрттен бірі қарызын өздеріне қатысты емес, яғни объективті себептер мен жағдайларға байланысты өтей алмай отыр. Мұндай жағдайларға асыраушысынан айырылу, нақты табыстың төмендеуі, ауруға шалдығу себеп болады. Дегенмен де, біздің есептеулер бойынша қарыз алушылардың басым бөлігі, яғни олардың 64 пайызы жай ғана жасырынып жүр. Олар жалған байланыс мәліметтерін көрсетіп, тұрғылықты жерлерін өзгертіп, несие берушісіне ақпараттарды бермейді», - деді ҰБ өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, қарыз алғандардың 13 пайызға жуығы несие алу кезінде алаяқтық тәсілдерді пайдаланған немесе жалған табыс көздерін көрсеткен.