Қазақстанда тұзды тұтыну мөлшері тым жоғары - ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM – 6-9 жас аралығындағы балалардың 16,7 пайыздан астамы күнде   қантты сусындарды алады. Бұл туралы елордада «Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі» тақырыбында өтіп жатқан парламенттік тыңдауда Қазақстан Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мәлім етті.

тұз
Фото: freepik.com

- Тамақ өнімінің сапасы мен қауіпсіздігінің халықтың денсаулығына әсері туралы мәселе өзекті. Инфекциялық емес аурулардан болатын өлім-жітім мен сырқаттануды азайту тұрақты даму мақсаттары көрсеткіштерінің бірі саналады. Қазір барша әлемдегі сияқты, Қазақстанда инфекциялық емес аурулар барлық өлім-жітімнің 84%-на себеп болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша төрт негізгі ауру (жүрек-қан тамырлары аурулары, 2 типтегі қант диабеті, семіздік, онкология) мезгілсіз өлім-жітімге себеп болуы мүмкіндігінің 27 пайызын құрайды, мұндағы тәуекел факторларының бірі - дұрыс тамақтанбау, - деді Т.Сұлтанғазиев.

Бұл тұрғыда ол құрамында майы, қанты және тұзы көп тағамдарды тұтынудың артуы инфекциялық емес аурулардың көбеюіне, жұмысқа қабілеттіліктің жоғалуына және денсаулық сақтаудың айтарлықтай шығындарына әкелетінін айтты. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда қан айналымы ағзалары ауруымен сырқаттану көрсеткіші 6,2%-ға, семіздік 2,5%-ға, қант диабеті 16,7%-ға артқаны байқалды.

- Жалпы, Қазақстанда тұзды тұтынудың жоғары деңгейі байқалып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тәулігіне 5 грамға дейінгі деңгейді ұсынып отырғанда, елімізде бұл көрсеткіш тәулігіне 17 грамды құрайды, - деп түсіндірді вице-министр.

Сонымен қатар ол 6-9 жас аралығындағы балалардың 16,7 пайыздан астамы күнде, 50 пайыздан астамы апта сайын қантты сусындарды алады. Соның салдарынан 6-9 жас аралығындағы балалардың әрбір бесіншісінде (20,6%) артық салмағы бар, оның 7 пайызы семіздік ауруына шалдыққан.

- Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелерімен қатар, халықтың тамақтануын жетілдіру, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, бизнесті пайдалы және таза өнім өндіруге тарту, халықпен ақпараттық-коммуникациялық жұмысты күшейту мәселелеріне назар аударуды талап етеді, - деді Тимур Сұлтанғазиев.

Бұл ретте ол денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасын іске асыру аясында құрамында қанты бар сусындарға салық енгізу мәселесі пысықталып жатқанын айтты. Мұнымен қоса, 2025 жылдан бастап 21 жасқа толмаған адамдарға, сондай-ақ сауда автоматтары арқылы энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынады

Соңғы жаңалықтар