Қазақстанда «Уылдырық шашу» кең ауқымды балық қорғау акциясы басталады
АСТАНА. KAZINFORM – Көктемде Қазақстанда табиғи өсімін молайту кезеңінде су биоресурстарын сақтауға бағытталған «Уылдырық шашу» дәстүрлі балық қорғау акциясы өтеді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірлердің климаттық ерекшеліктері мен ауа райын ескере отырып, акция 2025 жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында еліміздің түрлі облыстарында әр түрлі уақытта өтеді.
Арал-Сырдария, Балқаш-Алакөл, Есіл, Зайсан-Ертіс, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларының басшыларына балық қорларын қорғау жөніндегі шараларды күшейту тапсырылды. Браконьерлермен күреске, уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға тыйым салудың сақталуын бақылауға, сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге басты назар аударылатын болады.
Акция аясында рейдтік іс-шаралар, су айдындарының мониторингі және табиғат қорғау заңнамасының сақталуын тексеру жоспарланған.
- ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті балықшылар мен азаматтарды белгіленген шектеулерді сақтауға және табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға шақырады, - делінген хабарламада.
Осыған дейін Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы тағайындалғаны туралы жаздық.