Қазақстанда Ұлттық криптовалютаны талдау жүйесі құрылады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 2027 жылғы 1 шілдеге дейін Ұлттық криптовалютаны талдау жүйесін құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту шараларына арналған баспасөз мәслихатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.
Оның айтуынша, жаңа жүйе криптовалютамен жасалатын операцияларды тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
– Бұл жүйе криптовалюта операцияларын бақылауға, транзакцияларды талдауға және заңсыз қаржы схемаларын анықтауға арналған. Нарықтың ашық болуы бақылау болмайды дегенді білдірмейді. Азаматтарды қорғау және заңсыз операциялардың алдын алу – бұл жұмыстың маңызды бөлігі, – деді Жаслан Мәдиев.
Сонымен қатар министр орталықтандырылмаған қаржы платформаларының (DeFi) жұмысына талдау жүргізіліп, оларды реттеу тетіктері әзірленетінін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанда цифрлық активтерді ерікті түрде жария ету тетігі енгізіледі.