Қазақстанда ұшқышсыз басқарылатын авиация дамытылады

АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Қазақстан секілді аумағы ауқымды мемлекеттер үшін авиацияның алатын орны ерекше болады. Республикамыз тек ұлан-ғайыр аумағы бар ел ғана емес, сондай-ақ халқы сирек қоныстанғандығымен де ерекшеленеді. Осы орайда шектеулі адам ресурстарымен үлкен аумақты бақылауға мүмкіндік беретін ұшқышсыз авиацияның дамуына жақсы мүмкіндік бар.

Қазақстанда ұшқышсыз басқарылатын авиация дамытылады
Наурыздың 18-і күні Алматыда 2009-2020 жылдарға арналған ұшқышсыз авиациялық кешендерді (ҰАК) құру саласында авиақұрастыру бағыты бойынша ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік әлеуетті дамыту бағдарламасының тұсауы кесілді. Бұл бағдарлама ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес елдің инновациялық даму тұжырымдамасының аясында әзірленді.Жоба аясында отандық ұшқышсыз авиация өнімдерін тек ел ішінде ғана емес, сондай-ақ шетелге де шығару көзделген. Бағдарлама 2020 жылға дейінгі ұшқышсыз авиациялық кешендерді (ҰАК) құру саласындағы Қазақстанның ғылыми-техникалық және өнеркәсіптік саясатын қалыптастырады. Ұшқышсыз басқарылатын ұшақтарды шекараны қорғауға, лаңкестікке қарсы іс-шараларға қарсы, тәртіп сақтауға, төтенше жағдайларды анықтауға, өнеркәсіп объектілерін, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды қадағалауға қолдану көзделген. Қазіргі уақытта 49 мемлекет әскери және азаматтық бағыттағы ұшқышсыз ұшатын аппараттарды (ҰҰА) шығарумен айналысады. Ресми деректерге сәйкес, әлемде ұшқышсыз авиациялық кешендердің (ҰАК) 789 түрі белгілі. ҰАК түрлерінің басым бөлігі АҚШ-та тіркелген, олардың саны 288-ді құрайды. Содан кейінгі орындарда Израиль ? 62, Франция ? 56, Ұлыбритания ? 45 және Ресей ? 35 елдері тұр. Заманауи авиацияны дамытуда келешегі бар бағыттардың бірі ұшқышты-ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰҰА) болып табылады. Осындай ұшақтар мен тікұшақтарды басқарудың үш түрі бар: кабинада отыратын ұшқыш-адам арқылы, жерден басқару стансасы арқылы қашықтықтан басқару немесе алдын ала бекітілген ұшу бағытының толықтай автоматты түрі. Сарапшылардың пікірінше, 2010 жылға қарай ҰҰҰА-ның бір жылдық әлемдік нарық мөлшері 10 млрд долларды құрайды. Басқару мен байланыс радиоэлектроникалық жүйелерінің, сондай-ақ ұшқышсыз кешендерге арналған пайдалы жүктеме аппараттық құралдарының жыл сайынғы сатылымы 3-4 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Авиация саласы сарапшыларының пікірінше, бесінші буындағы жойғыш ұшақтар жобасы (JSF) ұшқышы бар әскери ұшақтар шығарушы түпкілікті құны қымбат өнім болуы мүмкін. Алтыншы және одан кейінгі буындағы жойғыш ұшақтар ұшқышсыз басқарылатын болады.Болжамдар бойынша, 10-15 жылдан кейін ұшқышсыз кешендердің даму деңгейінің күрт артатындығы сонша, олар қазіргі уақытта ұшқышпен басқарылатын ұшу аппараттары атқарып жүрген барлық міндеттерді сәтті орындай алатын болады. Азаматтық салада төтенше жағдайларды анықтау және олардың салдарын жою, экологиялық мониторинг, жоғалған немесе қауіп-қатерге ұшыраған адамдарды іздеу және құтқару, ауылшаруашылық авиация, өндірістік объектілердің, көліктік инфрақұрылымның, мұнай және газ желілерінің, электр қондырғыларының жоғары вольтті желілерінің техникалық ахуалдарын мониторингтен өткізу, тәртіпті қадағалау және лаңкестікпен күрес секілді іс-қимылдарда пайдаланылатын болады.Елімізде қабылданған бағдарлама биылдан бастап 12 жыл бойы кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ. Бірінші кезең аясында (2009-2010 жылдар) Ресей Федерациясының авиациялық өндірісімен бірлескен жұмыстар басталу қажет. ҰАК Қазақстанда жасау мақсатында құрастыру өндіріс орындарын ұйымдастыру көзделген. Ұшқышсыз авиациялық кешендер әскери және азаматтық салаларда қолданыла бастайды. Екінші кезеңде (2011-2015 жылдар) ҰАК бойынша кіші және орта әрекет радиусының қажетті ғылыми-зерттеу және сынақ-құрастыру жұмыстары істелініп, сәйкес құрастыру құжатнамасы әзірленуі тиіс және түрлі бағыттағы ұшқышсыз авиациялық кешендердің қолданыстағы үлгілері құрылып, олар сынақтан өтулері керек. Сонымен қатар радиоэлектроникалық құрал-жабдықтардың өндірістік базасын, ұшақтық типтегі платформаларды және ақпаратты өңдеу жүйелерін құру жоспарланып отыр. Үшінші кезеңде (2016-2020 жылдар) Қазақстан Республикасының мамандандырылған профилді институттарынан, ұйымдарынан және кәсіпорындарынан берік кооперация құру көзделген. Сондай-ақ отандық және шетелдік қолданушылардың сұраныстарына орай ұшқышсыз авиациялық кешендердің сериялық шығарылымын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы Қазақстан өзінің инновациялық дамуында үлкен серпіліс жасайды. Ел экономикасында жоғары технологиялар үлесі біршама өседі. Қазақстан жай ғана ұшқышсыз кешендерді шығарып қоймай, оларға қызмет көрсетіп, мамандарды оқытатын болады. Авиация өндірісі ? бұл металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, электроника, бағдарламалау секілді бірқатар салаларда қосымша жұмыс орындарының ашылуына сеп болады. Аспан кеңістігін игеру ел тарихында жаңа бір инновациялық белеске көтерілуге мүмкіндік береді.Ұшқышсыз авиациялық кешендерді жасау бойынша бағдарламаны жүзеге асыру үшін әріптес бірлестіктер құрылды. Атап айтқанда, олардың ішінде «ЯК АЛАКОН», «NET Style», «ASTEL» және «ИРКУТ» компаниялары бар. Осы бірлестіктердің мамандары қазірдің өзінде бірқатар ықпалдасқан көп мақсатты кешендерді сынақтан өткізді. Бүгінде «ЯК-АЛАКОН» мен «NET Style» компаниялары Қазақстанның аса жеңіл авиация қауымдастығымен бірлесіп Қазақстанда біртұтас аспан кеңістігінде ұшқышсыз авиацияны қолдану бойынша заңнама базасы аясында ұсыныс-тілектер қалыптастыру саласында жұмыстар атқаруда.