Қазақстанда ұялы байланыс қызметінің құны қанша
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде өмірімізді ұялы телефонсыз елестету мүмкін емес. Смартфонды еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қолданады. Алайда, байланыс операторларының қызметінсіз олардың құны көк тиын. Сондықтан олардың қызметіне телефон ұстаған кез келген адам жүгінуге мәжбүр. Осыған орай Kazinform тілшісі ұялы байланыс қызметінің құнына шолу жасады.

Қазақстандықтар үшін ең арзан әрі барынша тиімді тарифті анықтау өте қиын. Мұнда тұтынушыға қажет нәрсе маңызды рөл атқарады: интернет гигабайттары немесе телефонмен сөйлесу минуттары. Рейтингке көптеген қазақстандыққа белгілі 5 ұялы байланыс оператор ілікті. Бағаны саралау барысында белгілі бір компанияның ең қымбат тарифтерін де ескердік.
Бағасының арзандығы жағынан бірінші орынды Tele2 операторына беруге болады. Компанияның ең арзан стандартты тарифі 3 590 теңге тұрады. Бұл ақшаға сіз 11 гигабайт интернет пен 100 минуттық телефон қоңырауын ала аласыз. Айта кетерлігі, тарифті таңдаған кезде шарттарын өзгертуге болады. Айталық, ұялы байланыс минуттары есебінен трафикті көбейте аласыз. Ал ең қымбат тариф 6 590 теңгені құрайды. Аталған сомаға 35 гигабайт пен 340 минутты ұсынады және бұл жағдайда да шартын өзіңіз өзгерте аласыз. Tele2-де мектеп оқушыларына арналған 990 теңгелік білім беру тарифі бар. Оған 7 гигабайт трафик пен 50 минуттық қоңырау кіреді. Дәл осындай жеңілдікті бағамен зейнеткерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар ұялы байланыс қызметін қолдана алады.

Қолжетімділігі жағынан екінші орында Activ келеді. Мұндағы ең арзан тариф 3 690 теңгені құрайды және осы сомаға пайдаланушы 10 гигабайт, сондай-ақ 100 минут сөйлесе алады. Ең қымбат тариф құны — 9 690 теңге. Бірақ шарттар айтарлықтай жақсы: шектеусіз интернет және 350 минуттық байланыс. Сондай-ақ, компанияда 990 теңгеге білім беру тарифі және жеке «балалар» тарифі бар. Оның құны — 3 990 теңге. Айтпақшы, отбасылық тариф орнатуға мүмкіндік бар. Яғни, бір адам төлем жасап, игілігін бірнеше адам көре алады.
Қызмет көрсету құны арзандығы жағынан үшінші орында ALTEL операторы тұр. Бұл жағдайда компания тарифті өз бетінше жинауға мүмкіндік ұсынады. Ең арзан стандартты жиынтық қызметінің құны 3 990 теңге болады. Бұл ақшаға абонент 15 гигабайт трафик пен 100 минуттық байланыс алады. Егер әмияныңыз қалың болса, онда ең қымбат тариф 9790 теңгені құрайды. Онда шектеусіз интернет пен сөйлесуге 300 минут қолжетімді болады. 1 090 теңгеге жеңілдікті тариф және 990 теңгеге білім беру тарифі де бар.
Одан кейінгі орында — Kcell. Онда 4 990 теңгеден төмен бағаға стандартты жиынтық ала алмайсыз. Бұл ақшаға 18 гигабайт интернет және 180 минуттық байланыс ұсынылады. Оған қоса, қалалық телефонға қоңырау шалу үшін 10 минут беріледі. Шектеусіз интернеті, 480 минуттық байланысы және қосымша 40 минуттық қалалық байланысы бар тарифінің құны — 10 990 теңге
Рейтингте ең қымбат қызметті Beeline ұсынады. Компанияның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, ең арзан тарифтің құны — 5 999 теңге. Бұл сома үшін оператор 10 гигабайт интернет және барлық бағытқа қоңырау шалуға 100 минут беруге дайын. Шарттары жалпы алғанда, басқа да ұялы байланыс операторларымен бірдей десек болады. Бірақ ең қымбат тарифі қазірдің өзінде 11 999 теңгені құрайды және бұл ақшаға сіз шектеусіз интернетті ала аласыз. Сонымен қатар телефон арқылы сөйлесуге 300 минут және халықаралық қоңырауға 30 минут беріледі. Сондай-ақ, үйде шектеусіз интернетті қосуды көздейтін көптеген отбасылық тарифтік топтамасы бар.
Тарифті қосу кезінде әрбір оператор желі ішінде шексіз қоңыраулар беретінін ескеру маңызды. Айталық, Activ пен Kcell операторлары арасында, сондай-ақ Tele2 мен Altel арасында шектеусіз қоңырау шала аласыз.