Қазақстанда вакциналарды сақтау температурасы онлайн бақыланады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда вакциналардың «суық тізбегін» бақылаудың цифрлық жүйесі кеңейтіліп, препараттарды сақтау температурасы арнайы датчиктер арқылы автоматты түрде бақыланады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңа жүйе вакциналарды сақтау мен жеткізудің барлық кезеңін – қоймадан бастап медициналық ұйымға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінде өткен кеңесте ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.
Жоба аясында еліміз бойынша 3,5 мыңнан астам нысанды қамту көзделіп отыр.
Қазіргі уақытта вакциналарды сақтау кезінде температуралық режим міндетті түрде бақыланады. Жаңа жүйе қолданыстағы бақылауды толықтырып, тоңазытқыш жабдықтарынан алынған мәліметтерді бірыңғай цифрлық платформаға автоматты түрде жіберуге мүмкіндік береді.
Температура белгіленген параметрлерден ауытқыса, мамандар мәселенің қай кезеңде туындағанын жедел анықтап, тиісті шаралар қабылдай алады. Ал иммунобиологиялық препараттарды тасымалдайтын мамандандырылған көліктер GPS арқылы бақыланады.
– Суық тізбек – иммундау жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Автоматтандыру вакциналарды сақтау және тасымалдау жағдайларын тұрақты бақылауды қамтамасыз етіп, кез келген ауытқуға жедел ден қоюға мүмкіндік береді, – деді Сархат Бейсенова.
Жоба шеңберінде 21 мыңнан астам мониторинг нүктесін құру жоспарланған. Сондай-ақ еліміздің барлық 20 өңіріндегі 800-ден астам мамандандырылған көлік құралы бақылауға алынады.
Бұдан бөлек, вакциналарды сақтауға арналған жабдықтар жаңартылады. Пандемия қорының қаражаты есебінен тоңазытқыш камералар, мұздатқыштар және аудандық деңгейдегі медициналық ұйымдарға шамамен 900 тоңазытқыш сатып алу жоспарланып отыр.
Жаңа цифрлық жобаның негізгі мақсаты – вакцинаның бүкіл қозғалыс жолында «суық тізбектің» сенімді бақылауын қамтамасыз ету және сақтау мен тасымалдау талаптарының бұзылу қаупін азайту.
Айта кетейік, «Гардасил 9» вакцинасын сатып алу жұмыстары жүріп жатыр.