Қазақстанда жағармайды молекулалық таңбалау пилоттық жобасы іске қосылуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мұнай өнімдерінің айналымын бақылауды күшейту мақсатында жағармайды молекулалық таңбалау жүйесін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Қырғызстанда 2025 жылдан бастап таңбаланбаған жанармай айналымына тыйым салынады
Фото: ҚР МСҚ

Бұл мәселе «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы алаңында өткен жұмыс кеңесінде талқыланды. Жиынға Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов, мемлекеттік органдар мен салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Кеңес барысында отын нарығының ашықтығын арттыруға, мұнай өнімдерінің қозғалысын бақылауды күшейтуге және заңсыз айналымға қарсы күреске бағытталған халықаралық тәжірибе қаралды.

Сингапурлық Nanolumi компаниясының мамандары арнайы молекулалық маркерлерге негізделген технологиялық шешімді таныстырды.

– Бұл технология отынның өндірістен немесе импорттан бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі барлық қозғалыс кезеңдерін бақылауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті компания өкілдері.

Кездесуде мұндай технологияларды қолданыстағы бақылау жүйелеріне енгізу және мұнай өнімдерінің айналымын мониторингтеу тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ қатысушылар шетелдерде молекулалық таңбалау жүйесін қолдану тәжірибесімен танысты.

Кеңес қорытындысы бойынша тараптар ұсынылған тәсілдер бойынша пікір алмасып, Қазақстан заңнамасының талаптарын ескере отырып пилоттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылдады.

– Энергетика министрлігі мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға және мұнай өнімдері нарығының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи технологиялық шешімдерді зерделеу жұмысын жалғастырады, – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Астанада электрондық жүйе коммуналдық қызметтің жанармай шығынын азайтты.