Қазақстанда жақсүйек-бет хирургиялық көмегін көрсетудің жаңа стандарты әзірленді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі халыққа жақсүйек-бет хирургиялық көмегін көрсетуді ұйымдастырудың жаңа стандартының жобасын әзірледі, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

хирургия, врачи, медицина
Фото: ҚР ДСМ

Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланып, 2026 жылғы 2 маусымға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Жобаға сәйкес, жаңартылған стандартты бекіту, сондай-ақ 2020 жылғы 20 мамырдағы № ҚР ДСМ-53/2020 қолданыстағы бұйрықтың күшін жою ұсынылады.

Жаңа құжат елдің барлық өңірінде жақсүйек-бет патологиясы бар пациенттерді емдеуге бірыңғай тәсіл қалыптастыруға бағытталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, стандарт Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдары мен ЭЫДҰ елдерінің озық тәжірибесі негізінде әзірленген.

Сондай-ақ ведомство өңірлік медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және пациенттерді бағыттау жүйесін енгізу арқылы мамандандырылған көмектің халыққа қолжетімді бола түскенін атап өтті.

Жоба медициналық ұйымдардың меншік нысанына қарамастан, стандарт талаптарын орындауды міндеттейді.

Ал оның жүзеге асырылуын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттері қадағалайды.

Бұған дейін хабарланғандай, Алматы облысында хирургтар науқастың бірнеше тұстан сынған бет сүйегін қалпына келтірді.