Қазақстанда жаңа футбол командасы пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM — Тараз қаласында жаңа футбол командасының құрылғаны белгілі болды. Команда Қазақстан чемпионатының Екінші лигасында қала намысын қорғайды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Қазақстан футбол чемпионатының Бірінші лигасында өнер көрсетіп жүрген «Тараз» футбол клубының ресми аккаунтында өңірде тағы бір жаңа команданы құру жұмыстары басталғаны туралы хабар жарияланды. Аталған команда ел біріншілігінің Екінші лигасында жарыс жолына шығады.
— Биыл «Таразда» екінші лига командасы жасақталады. Бірінші лигамен қатар, енді екінші лигаға да өз командамыз қосылып, өнер көрсететін болады. Бұл — жергілікті жастарға тамаша мүмкіндік әрі үлкен футболға жол ашатын дәліз. Осылайша «Тараз» командалары QJ League – Жасөспірімдер лигасында, Екінші және Бірінші лигада өнер көрсетеді, — делінген «Тараз» футбол клубының ресми хабарламасында.
Бұған дейін «Тараз» клубының директоры Дидар Сыдықбек ашық түрде «Қайраттан» алматылық клубтың түлегі, 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмырзаны сатып алу жөнінде ресми сұраныс жолдауды жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. Алайда «Қайрат» басшылығы мұндай ұсыныстардың талқылауға да жатпайтынын айтты.
Осыдан бұрын Дінмұхамбет Сүлейменов «Тараз-Омега» футзал клубына бас бапкер болғанын жазған едік.