Қазақстанда жаңа көлікке сұраныс қандай

«Есепті кезеңде әкімшілік полиция органдары 109 076 көлік құралын тіркеуге қойды. Олардың арасына автокөліктің барлық санаттары еніп отыр, яғни жеңіл және жүк көліктері, автобус, арнайы машиналар да бар. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейден 38,2 пайызға жоғары. Оның ішінде 102 849-ы екінші рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Өсім бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 22,4 пайызға жетті. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны 6 227-ні құрады. Ол былтырға қарағанда, 37,2 пайызға жоғары», - деп атап көрсетілген таратылған мәліметте.
Биылғы қаңтарда Қазақстан аумағында 1 электромобиль тіркелген екен.
«ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, есепті кезеңде қайта тіркелген көліктердің үштен екісін (71,2 пайызы) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер қамтыған.
Оның ішінде 20 жылдан асқандардың үлесі 44 788 (43,5 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер 27,7 пайызды құрады. Ал 4-тен 7 жылға дейін - 20 269 (19,7 пайыз), 8-ден 10 жылға дейін - 6 036 (5,9 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көліктер саны 3 259-ға жетті. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 0,02 пайыз болды.
Статистика көрсетіп отырғандай, отандық автопарктің ескіруінің тұрақты үрдісі байқалуда.