Қазақстанда жаңа Конституцияға сәйкес 18 заңға өзгеріс енгізіліп жатыр — Аида Балаева

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жаңа Конституцияны іске асыру аясында Ұлттық архив қоры және архивтер, қоғамдық кеңестер және ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша үш заңға өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар Конституция талаптарына сәйкестендіру үшін тағы 18 заңға түзетулер әзірленіп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында мәлім етті.

Аида Балаева
Фото: Үкімет

Оның айтуынша, әзірленіп жатқан заңнамалық өзгерістер сөз бостандығы мен ақпарат тарату, діни ұйымдардың қызметі, бейбіт жиналыстар өткізу, волонтерлік қызметті қолдау, қайырымдылық, мәдениет, кинематография және Конституциядан туындайтын өзге де салаларды қамтиды.

Сонымен қатар спикер «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануына байланысты «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның күші жойылды деп атап өтті. 

— Осыған байланысты кеше «Қазақстанның Халық Кеңесі» Хатшылығын құру туралы Президент Жарлығына қол қойылды. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық түзетулер пакеті әзірленді. Оның аясында алғаш рет «этномәдени бірлестіктер» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, достық үйлерінің құқықтық мәртебесі мен оларды қаржыландыру тәртібі айқындалды, — деді Аида Балаева.

Министрдің сөзінше, Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиясының аяқталуына байланысты этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ жаңа Конституцияда Қазақстан тарихында алғаш рет зияткерлік меншікке конституциялық кепілдік берілді.

— Бұл креативті экономиканы дамыту үшін аса маңызды. Өйткені зияткерлік меншік — креативті экономиканың негізгі іргетасы. Ол авторлар, суретшілер, дизайнерлер, кинематографистер және креативті индустрия өкілдерінің шығармашылық еңбегін құқықтық қорғауға қосымша кепілдік береді, — деді министр.

Аида Балаева жаңа Конституцияда алғаш рет волонтерлік қызметті көтермелеу нормасы бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Президент тапсырмасы бойынша волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасы мен экологиялық волонтерлікті дамыту бағдарламасы әзірленіп жатыр. 

— Нақтырақ айтсақ, волонтерлік қызметті цифрлық есепке алу және растау жүйесін дамыту, «Шапағат» мемлекеттік медалімен марапаттау кезінде волонтерлік қызметті ескеру, жұмысқа орналасу барысында волонтерлік өтілді назарға алу, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға қатысатын волонтерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру тетігін енгізу және басқа да қолдау шаралары жоспарлануда, — деп түйіндеді министр.

Бұған дейін Премьер-министр барлық мемлекеттік және қоғамдық институттарды түбегейлі жаңғырту басталғанын айтқан еді.