Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі қалай артады
АСТАНА. KAZINFORM – 2035 жылға қарай 32 ГВт жаңа электр станцияларын енгізу жоспары бар. Бұл туралы елордада «Орталық Азия — Қытай: Энергетика» форумында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов мәлім етті.

— Қазір әлемдік энергетикалық жүйелердің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі — саланы көміртексіздендіру. Бұл қадамдардан Қазақстан да шет қалмайды. Қуат көзінің құрылымы жылдам өзгеріп жатыр. Жаңартылатын энгергия көздерін және баламалы қуаттарды қоса алғанда, 2035 жылға қарай шамамен 32 ГВт жаңа электр станцияларын енгізу жоспары бар. Бұл ретте, жаңаратылатын энергия 12 ГВт және атом электр стансасы 2,4 ГВт шамасында. Сонымен қатар, газ және көмір электр стансаларын іске қосу жоспарланған, олардың үлесі — 17 ГВт, — деді Н. Айтжанов.
Оның айтуынша, осы іс-шаралардың нәтижесінде генерацияның жалпы құрылымында жаңаратын энергия көздері мен баламалы қуаттың үлесі 2035 жылға қарай 40 пайыздан асады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай: Энергетика» форумында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов саладағы жобалар туралы айтты.