Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда жаңғыртудан кейін 30 вокзал іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның 10 өңірінде жаңғыртудан өткен 30 вокзал мен жолаушылар инфрақұрылымы нысаны пайдалануға берілді.

В Казахстане после масштабной модернизации открылись 30 железнодорожных вокзалов
Фото: Көлік министрлігі

Жобалар Мемлекет басшысы мен Үкімет тапсырмалары аясында жүзеге асырылды. Жұмыстарды «Қазақстан темір жолы», «Самұрық-Қазына» қоры және ҚР Көлік министрлігі бірлесіп жүргізді.

Жаңартылған нысандар қатарында Талдықорған, Қонаев, Бурабай курорты, Риддер, Шемонаиха, Жаңақорған, Қазалы, Шиелі, Тайынша, Жаңаесіл, Саумалкөл, Ақкөл, Шортанды, Макинка және басқа да станциялар бар.

– Жаңғырту барысында вокзалдардың қасбеттері, инженерлік желілері мен жолаушылар платформалары жаңартылды. Заманауи күту залдары жабдықталып, кедергісіз орта қалыптастырылды және жаңа қауіпсіздік жүйесі енгізілді, – деп хабарлады ҚТЖ-дан.

Сондай-ақ Қарағанды-Сұрыптау станциясының нысандары мен Талап және Бозшакөл станцияларындағы жолаушылар инфрақұрылымы жаңартылды.

Компания мәліметінше, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Жобалар «Қазақстан темір жолы» қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Айта кетейік, Алматы-1 теміржол вокзалын қайта жаңғыртуға 500-ден аса маман тартылған.