Қазақстанда жартылай фабрикат өнім шығаратын жоғары технологиялық зауыт іске қосылды

Отандық өнім
Фото: ТОО Il Tov

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының Қосшы қаласында «IL-TOV» ЖШС Қазақстанда және Орталық Азия өңірінде тауықтың төс етінен дайын жартылай фабрикаттар шығаратын алғашқы жоғары технологиялық зауыт іске қосылды.

Жоба «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы) қолдауымен іске асырылды.

«Азық-түлік желісінде котлеттер, шницельдер, митболдар, стриптер мен наггетстер 100% дайын болады да, кейін жедел мұздатуға жіберіледі. Шикізат ретінде жаңа зауыт бұрын «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ қаржыландырған «Макинск құс фабрикасы» ЖШС өнімдерін пайдаланады», - делінген хабарламада.

Жартылай фабрикат
Фото: ТОО Il Tov

Зауыттың ашылуы 90 жаңа жұмыс орнын құруға және негізінен Қосшы тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта өндірістік желінің қуаты жылына 3 346 тонна дайын өнімді құрайды.

Осы уақытқа дейін «IL-TOV» ЖШС өндіретін өнімге ұқсас өнім Қазақстанға көрші елдерден толықтай импортталып келгенін атап өту маңызды.

Ал, 2023 жылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның импорттық жеткізілімдерге тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік беретін жергіліктендіру үлесі жоғары өндірістерді құру қажеттігін атап өтті.

Фабрикат
Фото: ТОО Il Tov

Өз кезегінде, «IL-TOV» ЖШС қазақстандық өніммен импортты толығымен алмастыруға қол жеткізіп, болашақта зауыттың өндірістік қуатын жылына 10-12 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл ретте қызметкерлер штатын 150 жұмыс орнына дейін ұлғайту жоспарда бар.

Анықтамалық ақпарат:

«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ — Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында Қазақстанда private equity инфрақұрылымын дамыту негізгі миссиясы болып табылатын, 2007 жылы құрылған тікелей инвестициялар қорларының қоры. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы болып табылады. Қосымша ақпаратты https://qic.kz/ru сайтынан көруге болады.

Соңғы жаңалықтар
telegram