Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қазақстанда жас журналистерге арналған цифрлық платформа іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге арналған ulandigital.kz цифрлық платформасы іске қосылды, деп хабарлайды Kazinform.

ч
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жаңа жобаны 96 жылдық тарихы бар республикалық «Ұлан» газеті ұсынды. Платформа балаларға ұлттық контентті қолжетімді етіп, жас авторлардың шығармашылығын дамытуға бағытталған.

– Жаңа сайт оқушыларға материал оқумен қатар, өз контентін әзірлеуге де мүмкіндік береді. «Хат жазамын» бөлімі арқылы жас авторлар мақалаларын, өлеңдерін және басқа да шығармашылық жұмыстарын редакцияға бірнеше минут ішінде жолдай алады. Ай сайын белсенді қатысушылар арасынан үздік тілші анықталады, – делінген хабарламада.

Платформада балаларға журналистика негіздерін түсіндіретін медиа мектеп қарастырылған. Онда оқушылар ақпаратпен жұмыс істеуді, материал дайындауды және кәсіби этика қағидаларын меңгереді.

Сондай-ақ «Ержеттім… Бойжеттім…» айдары жасөспірімдермен ашық әрі сенімді байланыс орнатуға арналған. Бұл бөлімге жіберілген әр хат жеке қаралады және жарияланбайды.

Цифрлық платформа толық қазақ тілінде әзірленген. Балаларға арналған қауіпсіз орта ретінде сайтта сыртқы жарнама орналастырылмаған.

Пайдаланушылар редакция туралы ақпарат алып, тікелей байланыс орната алады. Сонымен қатар газеттің баспа және PDF нұсқасына жазылу мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, биыл алғаш рет өңірлік журналистерге де пәтер кілті табысталады.