ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: «Апрель» фабрикасының шұжық цехы тәулігіне 5 тоннаға дейін өнім өндіреді

«Астананың ескі бөлігінде 9 май көшесіндегі шағын ғимаратта бір ауысымда 300-500 кг өндіретін шұжық цехы ашылды. Бір жылдың ішінде бұл цехтың өнімділігі бірнеше есеге артып, сұранысқа байланысты жаңа шұжық цехын іске қостық. Қазір бұрынғы шұжық цехының орнында жартылай фабрикаттар дайындайтын цех орналасқан», - дейді «Апрель» ЖШС бас директорының орынбасары Мұрат Тілеуімбетов.
Бүгінгі күні «Апрель» ЖШС-нің фабрикалардан бөлек елордада 8 фирмалық дүкені және қалалық дүкендерде 300-ден астам сауда нүктесі бар. Мұрат Тілеуімбетовтың айтуынша, компания өндіретін тауар сапасына ерекше көңіл бөліп, тауар өндіру циклін тұтастай қадағалап отырады.
«Апрель» ЖШС Астана нарығында 90-шы жылдардың соңынан бастап қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында кәсіпорын өзін сапалы тауарлардың сенімді өндірушісі ретінде таныта білді. Біздің басты мақсатымыз - сатып алушының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жоғары сапалы өнім ұсыну. Кәсіпорында жасалған жұмыстың барлығы мұқият бақылаудан өтед», - дейді ол..
Компания шикізатты қазақстандық кәсіпкерлерден, фермерлерден алады. Бүгінде шұжық цехы тәулігіне 5 тоннаға дейін өнім өндіріп, тұтынушыларға 60 астам шұжық өнімдерін, сүрленген өнімнің 20-ға жуық түрін, сонымен қатар 50-ге жуық ет өнімдерін ұсынады. «Апрель» фирмасының кондитерлік кешені тәулігіне 1 тоннаға дейін өнім өндіреді, соның ішінде торттың 40 астам түрі, йогурт рулеттер, үгілетін және қабатталған наннан жасалған печеньелер, 18 түрлі тәтті бәліштер бар.
Мұрат Тілеуімбетов компанияның болашақтағы жоспарлары туралы айта келе, көптеген дүкендердің «Апрель» фабрикасының өнімдеріне қызығушылық танытатынын атап өтті.
- Біз алдағы уақытта тәулігіне 10 тонна өндіретін шұжық цехын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, ет өнімдерін сақтайтын тоңазытқыштар ашу ойда бар. Сауда желісін де кеңейтіп жатырмыз. Еліміздің дүкендері жоқ аймақтарымен байланыс орнатудамыз. Атап айтқанда, шығыс және оңтүстік өңірлермен. Сонымен бірге, шекаралас аймақтардағы ресейлік компаниялармен де келіссөздер жүріп жатыр», - деді М.Тілеуімбетов.
Бүгінгі таңда «Апрель» компаниясының өнімдері елорданың ірі супермаркеттерінің барлығына жеткізіледі. Айта кетейік, 2005 жылы Шахтинск қаласында шұжық және ет өндіретін ет комбинаты, Қарағандыда фирмалық дүкен ашылды.