«Қазақстанда жасалған»: «Орал механикалық зауытының» өнімдері алыс-жақын елдерге кеңінен танымал (ФОТО)
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласындағы іргелі кәсіпорындардың бірі - «Орал механикалық зауыты» ЖШС өнімдері алыс-жақын елдерге кеңінен танымал.
Кәсіпорын директорының бірінші орынбасары Анатолий Смирновтың айтуынша, зауыт «Беларусь» тракторларына, ЗИЛ, ГАЗ автокөліктеріне, ПАЗ автобустарына, басқа да арнайы техникаларға иінді білік шығарумен айналысады. Кеңес дәуірінен бері осы өнімді жөнелтіп келе жатқан зауыттың бес цехында сондай-ақ пластик терезелер, төсемтас, профтабақша сынды құрылыс материалдары, мұнай-газ жабдықтары шығарылады.
Кейінгі жылдары зауыт мұнай-газ және бұрғылау жабдықтары үшін қосалқы бөлшектер, тармақтар мен детальдарды күрделі жөндеу мен дайындауды жолға қойды. Көптеген қазақстандық мұнайгаз компанияларымен өзара тиімді байланыс жасалуда. Ал «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясымен келісімшарт әзірге жоқ. Соңғы екі жылда сондай-ақ иінді біліктердің жаңа түрлері шығарылды. Зауыттағы әмбебап жабдық ұсағынан бастап ірі (ұзындығы 8-10 метр) детальдарды механикалық өңдеуге мүмкіндік береді. Құрылыс материалдары да эстетикалық, экологиялық жағынан қазіргі заманғы талаптарға толық сай келеді. Барлық өнім CT KZ желісі бойынша сертификатталған. Кәсіпорында ИСО 9001-2008 халықаралық стандарттары талаптарына сәйкес сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Оған қоса биылғы наурызда ҚР Мемлекеттік тауарлар белгісі тізіліміне енгізілген зауыттың тауар белгісі оның өнімін ішкі және сыртқы нарыққа кеңінен шығаруға мүмкіндік береді.
Қосалқы бөлшектер мен иінді біліктердің негізгі бөлігі Ресей мен Беларусьқа, 15 пайызға дейіні алыс шетелге жөнелтілсе, 8-10 пайызы Қазақстанда қалады. Зауыт жылына он мыңдай иінді білік шығарады. Құрылыс материалдары облыс пен көршілес аймақтарға жіберіледі.
Зауытта 140-тай адам тұрақты жұмыс жасайды. Жылдар бойы бірде-бір адам қысқартылған емес. Жаңа технологияларға сәйкес өндірісті оңтайландыру жұмысы жүргізілуде. Мәселен, бір адам екі-үш станокта бірнеше жұмысты қатар атқара алады. Сонымен қатар инвесторларды тартып, барлық инфрақұрылымы бар бос ғимараттарда бірлескен кәсіпорын құру да ойластырылуда.