ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН: Сәнді киім Оңтүстік Қазақстанда тігіледі

Тұтынушының сұранысын ескеріп киім тігетін фабрика жұмысының жанданып кетуіне «Даму» қорының септігі тиіпті. Соңғы үлгідегі автоматтандырылған тігін машиналарын сатып алуға берілген несие пайызының жартысын төлеп тұрады. Фабрика еуроүлгіде тігіліп жатқан костюмдерін Қазақстандағы ірі сауда орындарына шығарып сатуда. Фабриканың іргесіндегі дүкенде өздері тіккен дайын өнімдері сатылады. Өзін талғаммен киінетіндердің қатарына қоятын Рахматулла Икрамов тек осы сауда орнынан костюм алып киетінін айтады.
Отандық нарықта сапалы киімімен енді таныла бастаған фабрикада жұмыс істейтін шеберлерді шетелдік ұсталар оқытқан екен. Өйткені тігін машиналары мейілінше автоматтандырылған. Олай болмаса, сәнді киімдерді көп және сапалы етіп тіге алмайсың. Алғашында ауысымда 50 костюм тіксе, қазір өнімділік он еседей артқан. Қоймада қалып қойып жатқан киім жоқ. Тігілгенінің барлығы сатылып кетеді. Бұл тұтынушының көңілінен шығатын сәнді костюм тігіліп жатқандықтан деп санайды мұндағылар. Шығарып жатқан өнімі сапалы болған соң, фабрикаға тұрғындардан тапсырыс түсіпті. Бұл отандық өнімнің артықшылығын білдірсе керек.
«Биылдан бастап ер балаларға да, қыз балаларға да арнап мектеп формасын тіксек деп жүрміз. Облысымыздағы мектептерді өзіміздің отандық, сапасы жоғары тауарымызбен қамтамасыз етсек деген ойдамыз. Сондықтан жұмыс орнын екі есеге көбейтсек дейміз», - «Алтын адам» тігін фабрикасы директорының орынбасары Балжан Қалмұратова.
Фабрикада қазір 135 адам жұмыс істейді. Көрші ғимараттағы орынды қосып алып, өндіріс аумағын да кеңейтіп жатыр.