Қазақстанда жасалған: ішкі өндіріс экономикаға қалай серпін беріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту және отандық өндірушілерді қолдау бағытындағы мемлекеттік саясат нақты нәтижесін беріп отыр. Үкіметтің мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспортты арттыруға және ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде, деп хабарлайды Үкімет.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес экономиканы әртараптандыру, жоғары деңгейде өңделген өнім өндіру және қазақстандық тауар өндірушілердің әлеуетін арттыру негізгі басымдықтардың біріне айналған.
– 2026 жылдың алғашқы алты айында жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері отандық кәсіпорындармен жалпы сомасы 466,1 млрд теңгеге офтейк-келісімшарттар мен ұзақмерзімді шарттар жасасты. Сонымен қатар «Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі» цифрлық жүйесінде 6,6 мыңнан астам компания тіркеліп, жалған өндірушілерді анықтау және нақты өндірістерді қолдау тетігі енгізілді, – делінген Үкіметтің шолуында.
Үкімет нақты секторды қаржыландыруды күшейту үшін «Бәйтерек» холдингінің капиталын 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтқан. Соның нәтижесінде кәсіпкерлікті қолдауға арналған жалпы қаржылық мүмкіндік 8 трлн теңгеге жетіп, оның 4 трлн теңгеден астамы игерілген. Қолдау алған 8 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісінің 96%-ын шағын және орта бизнес өкілдері құрайды.
Өңдеуші өнеркәсіпте биылғы алты айдың қорытындысы бойынша өсім 9,8%-ды құрады. Елде 18 арнайы экономикалық аймақ, 67 индустриялық және 34 шағын өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр. Президенттік пулға енгізілген 17 ірі жобаның аясында автомобиль жасау, металлургия, мұнай-газ химиясы және түсті металлургия салаларында жаңа өндірістер іске асырылуда.
– 2026 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңгені құрайтын 200 индустриялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олар шамамен 18 мың тұрақты жұмыс орнын құрады. Жобалар толық қуатына шыққанда жыл сайын 1,5 трлн теңгенің өнімін өндіріп, оның 500 млрд теңгесі экспортқа бағытталады, – деп мәлімдеді Үкімет.
Агроөнеркәсіптік кешенде де инвестициялық белсенділік күшейген. Биылғы алты айда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4,4%-ға өсіп, 2,2 трлн теңгеге жетті. Ал ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар 36,4%-ға, азық-түлік өндірісіне бағытталған инвестициялар 2,7 есеге артқан.
Сонымен қатар жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарға дейін ұлғайып, майлы және жем-шөп дақылдарының көлемі көбейген. Мал шаруашылығында да оң өсім байқалып, ірі қара, жылқы және түйе саны артқан. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісі де өсу үстінде.
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бағытында 5% мөлшерлемемен ұсынылатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасына бөлінетін қаржы 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Қазіргі таңда Қазақстанда тракторлар мен комбайндарға деген ішкі сұраныстың 90%-ын қамтамасыз ететін 10 ірі зауыт жұмыс істейді.
– Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында азық-түлік өндірісінің нақты көлем индексі 114,7%-ды құрады. Қазақстан бүгінде негізгі азық-түлік өнімдерінің 80-100%-ын өз өндірісі есебінен қамтамасыз етіп отыр. Импортқа тәуелді құс еті, балық, шұжық өнімдері, ірімшік, қант және алма өндірісін ұлғайту бойынша жаңа жобалар іске асырылуда. Бұл ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын сақтап, импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен азайтуға мүмкіндік береді, – делінген Үкімет ақпаратында.
Айта кетейік, Қазақстан экономикасы жарты жылда 4,1%-ға өсті.