Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Қазақстанда жасалған» таңбасы жоғары сапа белгісіне айналуы тиіс - Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов отандық өнімнің үлесін тұрақты түрде арттыруға қатысты министрліктерге тапсырма берді.

Қазақстанда жасалған
Фото: Kazinform

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде отандық өндірушілерді қолдаудың негізгі тетіктері іске қосылды. Ұлттық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық кәсіпорындарға басымдық беріледі. Салық саласында және мемлекеттік қолдаудың өзге де шаралары жаңа өндірістерді іске қосып, қолданыстағы өндірістердің қуатын кеңейтуге қолайлы жағдай жасап отыр. Енді ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін тұрақты түрде арттырып, қазақстандық тауарлардың экспортын кеңейту қажет. Мемлекеттік қолдау шараларына жедел қол жеткізіп, тауарлардың жергілікті шығу тегін растау мақсатында Отандық өндірушілердің тізілімі жасалды. Ол мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу рәсімдері кезінде адал кәсіпкерлерге басымдық берілуін қамтамасыз етеді, - деді О. Бектенов.

Оның айтуынша, биыл іске қосылған Ұлттық тауарлар каталогы тауарларды нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық жүйенің негізін қалады. Қабылданып жатқан шаралардың барлығы бәсекеге қабілетті отандық өндірісті құруға және дамытуға бағытталған. Субсидиялардан бастап, тауарларды әлемдік нарыққа ілгерілетуге дейінгі мұндай тәсілді әлемнің барлық дамыған экономикалары қолданады.

- Біз де осы саясатты ұстанамыз. Өйткені оның нақты нәтижесін көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан бүгінде ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етеді. Бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі шамамен 10%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсіп келеді. Бұған экономика салаларын кешенді мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қол жеткіздік. Ендігі міндет – ішкі нарықты отандық өніммен толықтыруды жалғастырып, өткізу нарықтарын кеңейту және қазақстандық тауарларды сыртқы нарықтарда неғұрлым белсенді ілгерілету. «Қазақстанда жасалған» ұлттық таңбасы тұтынушылардың сенімі мен жоғары сапа белгісіне айналуға тиіс, - деді Үкімет басшысы.

Бұған дейін азық-түлік бойынша елде негізгі отандық өнімдер қаншалықты қамтамасыз етілгенін жазған едік