Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыруға 177 млрд теңге бөлінді
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға 177,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім етті.
Ведомство мәліметінше, қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Ол цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге, өңірлерді цифрландыруға, ауылдарды интернетпен қамтуға және білім беру саласындағы цифрлық шешімдерді жетілдіруге бағытталады.
— 2026 жылға арналған республикалық бюджетте жасанды интеллект пен цифрландыруды дамытуға министрлікке 177,1 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген, — делінген жауапта.
Министрлік бұл қаражат елдегі цифрлық экожүйені дамытуға және халықтың заманауи технологияларға қолжетімділігін арттыруға жұмсалатынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда AI-стартаптар мен зерттеулерді қолдаудың жаңа бағдарламалары іске қосылатынын жазғанбыз.